Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық әйел интернет арқылы жеке кәсіпкерден құны 250 мың теңге тұратын «Samsung» маркалы теледидар сатып алған. Тауар үшін «Kaspi Bank» АҚ арқылы ақшасы төленген. Жүкқұжатқа сәйкес, Алматы қаласынан тауарды «АВТ» ЖШС жеткізген.
Тауарды жеткізгеннен кейін әйел теледидардың экраны сынғанын анықтаған. Сол күні әйел тауардың ақшасын қайтаруды талап етіп, сатушыға ауызша шағым түсірген. Алайда ол ақшаны қайтарудан немесе тауарды ауыстырудан бас тартқан. Амалы таусылған әйел сотқа жүгінген. Сот талқылауы барысында жауапкер талап қоюшының шынымен де одан Қытайда шығарылған теледидар сатып алғанын мойындады. Жауапкердің айтуынша, тауар бейне байланыс арқылы реттелген, жұмысқа қабілеттілігі тексерілген, оралған және зақымдалусыз жөнелтілген. Кәсіпкер ақау үшін көлік ұйымы жауапты деп есептеген.
«АВТ» ЖШС өкілі сотта олардың ұйымы тек жеткізумен ғана айналысатынын түсіндірді. Жауапкер ішіндегісін тексермей қабылдаған буып-түйілген тауарды оларға өзі жеткізген. Сондай-ақ, егер тауардың құны мәлімделген болса, онда оны сақтандыруға және жөнелтуші мен алушының жанында орамды ашуға болатынын атап өтті. Алайда сатушы бұл қызметті пайдаланбады. Жеткізу кезінде қораптың тұтастығы бұзылған жоқ, көзге көрінетін зақымданулар болған жоқ.
Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылды. Сатып алу-сату шарты бұзылды, ал жауапкерден талапкердің пайдасына теледидардың құны (250 000 теңге), тұрақсыздық айыбы (227 500 теңге), моральдық шығын өтемақысы (50 000 теңге) өндіріліп алынды. Жеке кәсіпкерден жергілікті бюджет кірісіне қосымша 8467 теңге көлемінде мемлекеттік баж алынды. Сот шешімі заңды күшіне енді.