Облысымыздағы Белое орта мектебінің 7-сынып оқушысы Вероника Печенкина голографиялық аудармасы бар «Magic Dictionary» бірегей қосымшасын жасады. Оқушы жасаған бұл қосымша ағылшын тілін үйренуді қызықты процеске айналдырмақ. Оны «Android» қосымшасы арқылы іске қосуға болады.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қосымша «English Plus 5» оқулығының лексикасы негізінде істеліп, визуализация жасауға келетін сөздер таңдалады. Белгісіз сөзді осы «сиқырлы сөздікке» енгізген қолданушы құрылғы экранына мөлдір пирамиданы орнатады. Осыдан кейін сөздің мағынасын беретін зат төрт жағынан көлемді голограмма түрінде кескінделеді.
Голографиялық кескінмен бірге аудио оқылым жүреді, бұл мағынаны түсінуге ғана емес, оның айтылуын дұрыс игеруге де көмектеседі.
Бұл тәсіл оқушыларға ағылшын тілін жеңіл, әрі қызықты формада меңгеруге септігін тигізеді. Қазір «Magic Dictionary» қосымшасы ұстаздар арасында қызығушылық тудырып отыр. Ал жоба авторы — Вероника Печенкина қосымшаны жетілдіріп, оның міндеттерін кеңейтуді жоспарлаған.
Ал петропавлдық бойжеткен Аяжан Қойшыбай қазақша фильмдер, мультфильмдер интернетте қолжетімді болуы үшін шетелдік туындыларға дубляж жасап жүр.