«Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсынан жүлделі оралған облысымыздың ұстаздары әріптестеріне байқаудың қалай өткендігін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, республикалық кезеңге қатысып, жүлдемен оралғандардың бірі – Кәмшат Әбішева. С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі екінші орынға ие болған. Ол «Балалардың қазақ ертегілеріне деген қызығушылығын арттыру жолдары» деген тақырыпты алып, сәтті қорғап шыққан. Қазір технологиялар заманы болғандықтан балалар кітап оқудан гөрі телефонға телміріп, түрлі ойындар ойнағанды құп көреді. Сондықтан білікті ұстаз балғындардың кітапқа, әсіресе ертегілерге деген қызығушылығын оятуды мақсат еткен. Осылайша, түрлі зерттеулер жүргізіп, оқушылар арасында сауалнама жүргізген.
Жалпы, Алматыда өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының республикалық кезеңіне солтүстікқазақстандық он педагог қатысқан. Солардың бесеуі жүлделі орындардан көрінген. Тағы екі ұстаз арнайы грамотаға ие болды.
-Байқаудың республикалық кезеңіне еліміздің түпкір-түпкірінен барған 227 педагог қатысты. Солардың арасында біздің ұстаздарымыздың жақсы нәтижелерге қол жеткізгені, әрине қуантады. Жүлдегерлер қатарынан көрінгендердің арасында ауылдық жерлерде білім беретін мұғалімдердің бары да қуантады. Яғни, олар қалалық мектептер мен түрлі инновациялық білім ордаларымен бәсекелесе алады, — дейді «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Анар Қосымбаева.
Алдағы уақытта «Қызылжар дарыны» орталығы тағы үш байқау өткізбекші. Жеңімпаз атанған ұстаздар конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алады.