СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ – ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Авторы: Qyzyljar News

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қызылжар өңіріне сапары барысында еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, қоғамдық және діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.

Палата Төрағасы «Қазақстан өңірлерінде еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбына арналған «дөңгелек үстелге» қатысты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген басымдықтардың бірі – аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың маңызына назар аударды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білікті, кәсіби мамандар мен барлық деңгейде кешенді жұмыс жүргізу қажет.

– Бүгінде еңбек ресурстары аймақ экономикасында маңызды рөл атқарады. Бұл бағыт меншік нысанындағы кәсіпорындарда белсенді жұмыс істейтін азаматтар. Жыл сайын 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылуда. Қазір жұмысшы мамандардың өткір тапшылығы байқалуда. Бұл мәселені кешенді шешу бизнестен де, мемлекеттен де талап етіледі,- деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі нарықты дамыту үшін негізгі факторларды атады. Бұл – экономикалық өсу, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру мен жұмыс орнының сапасын анықтау. Оның айтуынша, Қазақстанда 2 млн. адам «сапалы жұмыс орнында» қызмет етеді.

– 2023 жылы біз еңбек нарығын дамыту Тұжырымдамасын қабылдадық, онда сапалы жұмыс орны ұғымын ұсындық. Төрт белгі – бұл, ең алдымен, жалақы медианадан төмен болмауы тиіс, ал бүгінде ол ел бойынша 285 мың теңге. Әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік кепілдіктер сөзсіз орындалуы керек, бұл зейнетақы жарналары, барлық қорларға әлеуметтік аударымдар және еңбек жағдайларының қауіпсіздігі. Тиісінше, біз бүгінгі күні 2 млн.-нан астам жұмыс орны туралы айтып отырмыз. Ресми статистикамен айтсақ, бүгінде Қазақстанда 7 млн.-нан астам адам жалдамалы қызметкер болып табылады,- деді Еңбек және халқты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Осы орайда облыстардың сапалы экономикалық дамуын олардың ерекшеліктері мен бүгінгі проблемаларын ескере отырып қамтамасыз етуді көздейтін нақты шараларға баса мән берілді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, еңбек ресурстарының тапшылығы, әртүрлі өңірлер, қала мен ауыл және мамандықтар арасындағы еңбек диспропорциясы, теңгерімсіз урбанизация, демографиялық дағдарыс қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелер болып саналады. Оларды шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет.

– Өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Түркістан, Жамбыл облыстары сияқты еңбек ресурстары артық өңірлер мен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы. Аталған мәселеге бұл өңірдегі халықтың табиғи кему үдерісі де өз салдарын тигізуде. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында туу көрсеткіші төмен, ал, өлім-жітім жоғары деңгейде. Бұл экономикалық өсудің баяулауына және өндіріс әлеуетінің төмендеуіне әкелетін проблемалар туындатады. Демографиялық үрдістер мен экономикамыздың қажеттіліктерін ескере отырып, еңбек ресурстарының ішкі көші-қонын жүйелеу, кадрларды ротациялау, жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламаларын жандандырудың маңызы зор екенін аңғарамыз. Бұрынғы тәжірибені талдап, ол бағдарламалардың неге тиімсіз болғанын зерделеп, елімізде еңбек көші-қонының ауқымын арттыруға қажетті қадамдар мен тетіктерді пысықтаған жөн, – деп, Палата Төрағасы еңбек көші-қоны бағдарламаларын одан әрі дамыту керек екенін атап өтті.

Мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Мәулен Әшімбаев Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетіне тоқталып, Сенат депутаттары оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ, бірлескен жұмыстың басқа да негізгі бағыттары сөз болды. Сонымен қатар кездесуде инфрақұрылымды жаңғырту, оның ішінде ауылдардағы электр желілерін жаңарту мәселесі аса маңызды екені айтылды.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен өңірдегі дін өкілдері де қатысты. Парламент депутаттары олармен бірге рухани дипломатияны дамытуға қатысты маңызды мәселелерді талқылап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі аясындағы мақсат-міндеттерді іске асыру жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар сапар аясында сенаторлар 6 мыңнан астам студент оқитын Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барып, оқу орнының білім беру ісімен, ғылыми-зерттеу қызметімен және одан әрі даму стратегиясымен танысты. Сондай-ақ депутаттарға мал, өсімдік шаруашылықтарына арналған зертханалары бар оқу-зертханалық корпустың қызметі таныстырылды. Онда тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Сенат Төрағасы Азаматтарды қабылдау орталығының қызметімен де танысты. Одан бөлек, «Зеленый Север» ЖШС жылыжай кешені мен «Nord Panels» ЖШС ағашты терең өңдеу зауытының еңбек ұжымдарымен жүздесті.

Мәулен Әшімбаев «Qyzyljar Creative Center» креативті индустрия орталығында «Sensitive» инклюзивті би тобының ұжымымен де кездесті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен іске асырылған бұл жоба жастардың өңірден кетуін азайту үшін тиісті жағдай жасай отырып, креативті экономикаға қажетті мамандар даярлауға, жас таланттардың қабілеттерін шыңдауға және оларға қолдау көрсетуге ықпал етіп келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz