Облыс орталығында Жаңа жылға арналған мейрамда қолданылған жасыл шыршалар енді жабайы жануарларға азық болуда. Бұл іс-шараны жергілікті волонтерлер жауапты мекемелердің қолдауымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырды.
— Жаңа жыл мерекесінен кейін облыс орталығында пайдаланылған шыршалар жиналып, қала маңындағы Куйбышев орман шаруашылығына әкелініп жатыр. Бұған дейін акция туралы тұрғындарды хабардар еттік. Олар шыршаны 25 қаңтарға дейін қоқыс жәшігінің қасына шығарып қоя алады. Кейін жүк көлігі алып кетеді. Ал 25 қаңтардан кейін контейнерге тастайтын болса, бұл үшін айыппұл төлейді, — дейді Петропавл жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдин.
Орманшылар жастардың бұл бастамасына қолдау көрсетіп отыр. Шыршалар жабайы жануарларға азық және төсем ретінде қолданылады.
— Ағаштарды мекеме аумағында діңінен бұтақтарын бөліп дайындаймыз, кейін орман ішіне, жемдеу алаңдарына апарамыз. Ағаштың қылқаны жануарларға қажет дәруменге бай. Сондықтан қазіргідей далада азық азайған шақта оларға бұл жақсы қорек. Бұдан бөлек қазір жазда дайындаған қайың сыпырғыштарын да беріп жатырмыз, — дейді «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ-нің орманшысы Дмитрий Бутенко.