Облысымыздп көзі тірі үш майдангер қалса, соның бірі — Василий Макиенко 99 жасқа толды. Туған күніне орай ардагер өз үйінде құттықтауларды қабылдады . Соғыс ардагерін Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев құттықтады. Майдангерге естелік сыйлықтар табыстап, соғыс кезіндегі және елді соғыстан кейінгі дамытудағы ерен еңбегі үшін алғыс айтты.
Василий Макиенко тұратын үйдің ауласында ҚР Ұлттық ұланы академиясының өкілдері және әскери оркестр ардагерге құрмет көрсетті.
Василий Васильевич 1926 жылы 24 қаңтарда Есіл ауданындағы Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы ол 17 жасында Қазан ауданының әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылған. Ардагердің әскери жолы 44-ші атқыштар полкінде басталып, кейін 142-ші атқыштар және 317-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет еткен.
– Біздің әскер Кенигсбергке дейін жетті. Бұл қалаға 9 мамыр күні кірдік. Кейін біздің әскери бөлімді Белорусь жеріне, Полоцк қаласына жіберді. 250 бас малды аман-есен жеткізуіміз керек болды. Сол кезде Витебск қаласында десанттық әскер жасақталып жатқан болатын, мен сонда баруға ниет білдірдім, — деп еске алады ол.
Василий Макиенко соғыстан кейін бес жыл әуе-десанттық әскерде болып, 75 рет парашютпен секірген. Еңбегі еленіп, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай-ақ «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.
QYZYLJAR NEWS