Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафинаның айтуынша, қазір өңір мектептеріне 11 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 4 мыңға жуығы мектеп ішіндегі жағдайды бақылайды.
— Ескерту жүйесі 352 мектепте бар. Оның ішінде барлық террористік тұрғыдан осал 284 нысан да қамтылған. Дабыл түймелері 349 мектепте орнатылған. Жедел басқару орталығына 270 білім беру ұйымы қосылған, оның ішінде террористік тұрғыдан осал нысандардың 82 пайызы қамтылды. 99 мектепте мамандандырылған күзет бар, — дейді Динара Анафина.
2025 жылдан бастап облыстың мектептері мен колледждерінде отбасы, әйел мен бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай республикалық байланыс орталығына жедел жүгіну үшін QR-кодтар енгізілді.
— Өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты — балалардың, ата-аналар мен мұғалімдердің психологиялық жағдайын нығайтуға және мәселелерін шешуге бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру. Орталықта тәулік бойы «сенім телефоны» арқылы тегін анонимді психологиялық көмек көрсетіледі. Оған 8 800 080 8150 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Орталық 402 адамға, 93 ата-анаға, 241 оқушыға және 68 педагогқа әдістемелік және консультациялық көмек көрсетті, — дейді Динара Анафина.
Балалардың қауіпсіздігі үшін Петропавлда қанатқақты жоба қолға алынды. Жасанды интеллекті бар бейнекамералар буллинг белгілерін бірден анықтайды. Бұл жобаға бірінші болып Петропавлдағы Ә.Бөкейханов атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте қосылды. Қазір білім ордасында осындай сегіз камера жұмыс істеп тұр. Қауіпсіздік жүйесін елордалық компания ұсынған. Ел бойынша Солтүстік Қазақстан облысында ол тәжірибеден өтіп жатыр.
— Бұл жүйені енгізу әр мектептің өз еркінде. Қазір мектептерге оқушы санына байланысты қаржыландыру беріледі, яғни қорлары бар. Сол қордан ақшаны бөліп, бұл жүйені сатып алады. Нәтижесі мектеп директорларының жиынында көрсетілді. Бірқатары 2025 жылдан бастап өз мектептеріне қоятын болды, — дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
QYZYLJAR NEWS