Нашақорлық – қоғам проблемасы

Авторы: Qyzyljar News

Облыстық полиция департаменті бастығының  орынбасары, полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында  «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар мен күшті әсер ететән заттар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тақырыбында  баспасөз мәслихатын өткізді.

      —Қазақстан Республикасының Президенті 2024 жылғы 27 желтоқсан күні есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойды.   Осыған байланысты 2025 жылғы 3 наурызда күшіне енетін оның құқықтық салдарын түсіндіріп кетейін. Біріншіден, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Егер олар үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар төмендетілген санкциялармен тартылатын болады. 1 — бөлігі бойынша енді  5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған. 2- бөлігі бойынша енді 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. 3 -бөлігі бойынша енді 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған,- деді Асқар Мұхаметқалиев.

Бұл жаңа енгізілімдер нені білдіреді? Заң енгізілгеннен кейін оның кері күші әрекет ете бастайды, себебі жаңа нормалар олардың жағдайын жақсартады. Болжам бойынша есірткі қылмыстарын жасаған бір  мыңнан астам сотталушы осы құқығын пайдалана алады. Ал  есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, сондай-ақ лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды, олар 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ есірткіні өндіру, әзірлеу, қайта өңдеу кезінде қолданылатын прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік бірінші рет енгізілуде. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек прекурсорлардың контрабандасы үшін көзделген. Аталған өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымы салдарынан қорғау бойынша шараларды күшейтуге мүмкіндік бермек.

-Нашақорлық – қоғам проблемасы. Есірткі бизнесіне қарсы күрес және синтетикалық психотроптық заттардың заңсыз айналымы – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе болып табылады,- деген облыстық полиция департаменті бастығының  орынбасары, полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев одан кейін бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша  тоқталды.

2024 жылы полицейлер облыс аумағында 248  есірткіге қатысты заң бұзушылықтарды анықтаған. Заңсыз айналымнан 771,5 килограмм әртүрлі есірткілер мен психобелсенді заттар тәркіленген. Есепті кезең ішінде  есірткіні жарнамалаған 1754 «нарко-граффити» жойылған. Соңғы кездері жеңіл ақша табу үшін кейбір жастардың «Теlеgram», «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желілері арқылы есірткі таратуға қатысу оқиғалары кездесуде, ол үшін жазаның қатаң екенін кеш түсініп, істі болып жатыр. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен облыстағы колледждерде, мектептерде  55 мыңға жуық адам қатысқан  бір мыңнан астам алдын-алу шаралары ұйымдастырылған.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz