Облыстық экология департаменті 2024 жылы 349 тексеріс жүргізіп, олардың қорытындысы бойынша 279 заң бұзушылықты анықтаған. Облыстық экология департаментінің басшысы Талғат Сәбиевтің айтуынша, заң бұзушылықтарды жою туралы 107 ұйғарым беріліп, оның 93,5 пайызы орындалған.
— Бұдан бөлек 29,5 млн. теңге сомасына 57 әкімшілік айыппұл салынды. Оның басым бөлігі ерікті түрде өндірілді. Қазір біреуі бойынша мәжбүрлеп өндіру қолға алынған, айыппұл мөлшері – 370 мың теңге шамасында. Сот органдарына қарауға төрт іс жіберілді. Сот 7,3 млн. теңгені өндіріп алу туралы әкімшілік шара тағайындауға қаулы шығарды, — дейді Талғат Сәбиев.
Экологтар мемлекеттік экологиялық бақылау аясында кәсіпорындардан атмосфералық ауа, автокөліктерден шығатын газ сынамаларын, топырақ, табиғи, сарқынды және жерасты суларының сынамаларын алып, нормаға сай болуын қадағалап отырады. «Ростан» ЖШС-де су сынамасы алынып, кәсіпорын жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша 18 млн. теңгеге жуық айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Петропавловское» желілік өндірістік-диспетчерлік станцияда, «Тайынша май» ЖШС, «Петропавл мұнай базасы» ЖШС-де топырақ сынамасы алынып, жалпы сомасы 4,5 млн. теңгеге келтірілген экологиялық залалды жою бойынша ремедиациялау бағдарламалары әзірленген
Ал көктемгі су тасқыны кезінде Есіл өзенінен 64 су сынамасы алынған, тиісті нормативтерден асудың 37 жағдайы анықталған. Облысызда ҚР экологиялық заңнамасына сәйкес І санаттағы 3 нысан өнеркәсіптік шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін орнатуы тиіс.
— «Севказэнерго» АҚ Петропавлдағы № 2 жылу-электр орталығының №3 түтін мұржасына орнатты. Кәсіпорынға орнатылған жүйе шығарындылар туралы деректерді «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне» автоматты түрде жібереді. Сондай-ақ, 31 мамырға дейін ЖЭО-2 жаңа түтін мұржасына орнату жоспарланған, жабдықтар жеткізілді. Сонымен қатар, кәсіпорын Есіл өзенінде сарқынды суларды ағызу көзіне де автоматтандырылған жүйені орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, жұмыс 31 шілдеге дейін атқарылады, — дейді Талғат Сәбиев.
«Қызылжар су» ЖШС және Петропавл қаласы әкімдігінің «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» МКК облыстық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда бұл жұмысты биыл атқармақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.