Облыс аумағында былтыр 1 мың шақырым жол жөнделді. Биыл жұмыс жалғасып, жол желісінің нормативті жағдайын 85 пайызға жеткізу міндеті тұр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңір автомобиль жолдарының ұзындығынан ел бойынша екінші орында тұр. Биыл 8416 шақырымның 1,2 мың шақырымы жөнделеді.
— Оның ішінде 800 км – жергілікті жолдар, 467 км – республикалық маңыздағы және қалғаны көше жолдары. Жұмыс «Петропавл-Жезқазған» республикалық маңыздағы жолдың Покровка-Петропавл учаскесінде жүргізіледі. Сондай-ақ Қайранкөл-Благовещенка, Дәуіт-Кішкенекөл, Меңкесер-Раздольное, Горьковское-Восходское, Кішкенекөл-Қаратерек елді мекендерінің аралығындағы жолдар жөнделеді. Атқарылатын жұмыстың 80% -ы орташа жөндеу, — дейді басқарма басшысы Ерден Шортыбаев.
Мәселен, Айыртау ауданында инфрақұрылымды дамытуға аса мән беріліп келеді. Өйткені мұнда Имантау-Шалқар курорттық аймағы орналасқын. Былтыр «Сокол» балалардың демалыс орталығына 400 млн теңгеге жол салынды. «Арман», «Турпан» және «Олимпиец» демалыс орындарына 6,4 км жол 369 млн теңгеге асфальт төселді.
— Биыл да демалыс орындарына, Никольское ауылындағы «Ботай» музей-қорығына, Сырымбет ауылындағы «Айғаным» үй-жайына жалпы ұзындығы 19 км жол төселеді. 3 млрд теңгеге «Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» — 71 км автожолын жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 44 км-не асфальт төселді, биыл 27 км жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — дейді Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев.
Петропавлда көше жолдарының жалпы ұзындығы – 366 км. Оның 182 км – асфальті жоқ қара жол. Қала билігі бес жыл ішінде бұл жолдардың барлығын ретке келтірмек.
— Былтыр 32 көшенің 28 км қара жолына асфальт төселді. Ал жалпы 49 көшенің 53,9 км жөнделді. Биыл 45 көше бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, оның 42-сі алғаш рет асфальтталатын болады. Оның ішінде «Бірлік» шағын ауданындағы көшелер де бар. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді, — дейді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.