Петропавл қаласында жекеменшік балабақшалар жабылуы мүмкін

Авторы: Qyzyljar News

Петропавл қаласындағы жекеменшік балабақшалар қаржыландырудың қысқаруынан жабылудың аз-ақ алдында тұр. СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңес отырысында мекемелердің өкілдері азық-түлік бағасының өскенін, ал ата-аналардан алынатын тамақтандыру төлемақысының қысқарғанын айтты. Сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларды қаржыландыруда да айырмашылық бар.

СҚО кәсіпкерлер палатасы қызметтері кеңесінің төрағасы, «АБВГДейка» жеке балабақшасының жетекшісі Ольга Жаркованың айтуынша, мәселе жыл сайын қаңтарда мемлекеттік тапсырыс орналастырылған кезде туындайды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі жеке және мемлекеттік мекемелер үшін әртүрлі бекітілген.

— Қызметкерлердің еңбекақысына, жаңа санаттар үшін тәрбиешілерге қазір қосымша төлемдер бар. Бірақ бұл жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне енгізілмеген және сәйкесінше есептеулер ескі шарттар бойынша жүргізіледі. Біз білім басқармасына бірнеше рет хабарластық, көмек бар, ол жеткіліксіз. Топтарда бала санының аздығынан және олардың себепсіз келмей қалуынан жекеменшік балабақшаларды қаржыландыру азаяды. Бірақ мемлекеттік балабақшаларда жағдай мүлде басқа, — дейді Ольга Жаркова.

Кәсіпкерлердің айтуынша, қазір оларға бөлінетін бюджет қаражаты қызметкерлердің еңбекақысына ғана жетеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік балабақшаларды қаржыландыру инфляция 9,4 пайыз болған кезде небәрі 3,3 пайызға өскен.

Биылдан бастап ата-аналар үшін төлем азайған. Егер былтыр ата-аналар балаларының тамағы үшін 3 жасқа дейінгі балаға 18 249 теңге және 3 жастан 6 жасқа дейінгі бала үшін 22 628 теңге төлеген болса, биыл әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен тауарлар бағасына сәйкес бірінші жас санаты үшін 17 236 теңге және екінші жас санаты үшін 22 158 теңге болып бекітілді. Қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

СҚО білім басқармасының өкілдерінің айтуынша, ата-аналық төлемнің төмендеуіне прокуратура мен экономикалық тергеу департаментінің тексеріс нәтижелері себеп болған. Бағаны белгілеуде заң бұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде 11 мемлекеттік балабақшаның басшысы тәртіптік жазаға тартылды. Ал прокуратура ұсынымымен 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі ата-аналық төлем әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына қарай белгіленетін болды.  Бірақ мемлекеттік балабақшалар электрондық формат аясында мемлекеттік сатып алу веб-порталынан белгіленген бағамен азық-түлікті сатып алу мүмкіндігіне ие болса, жекеменшік балабақшалар оны көтерме-бөлшек бағамен алады.

Жекеменшік балабақшалар осы өзгерістерге байланысты мәзірді қайта қарауға мәжбүр. Қаржының аздығынан сиыр етінен бас тартып, оны тауық етімен, жемістерді шырындармен алмастыруға тура келеді.

Осы мәселеге байланысты, СҚО кәсіпкерлер палатасы Қаулы жобасын егжей-тегжейлі есептеулер жүргізу үшін білім басқармасына қайтармақ. Ал келесі талқылауды прокуратура және экономикалық тергеу департаментінің қатысуымен өткізуді жоспарлаған.

— Қазіргі жан басына шаққандағы қаржыландырудың қолданыстағы әдістемесі және тамақ дайындау нормалары тек Петропавлда ғана емес, ел бойынша жекеменшік балабақшаларды тығырыққа тіреп отыр. Балабақшалар жабылып қалмауы үшін Оқу-ағарту министрлігі мен қаржы органдары араласу керек, — дейді кәсіпкерлер.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz