Булаево станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Есілкөл — Петропавл бағытындағы электр пойызынан мас жолаушыны ұстап, түсіріп алды.
Көліктегі полицейлер тексеру барысында 53 жастағы облыс тұрғынын анықтаған. Масаң күйдегі ер адам балағат сөздер айтып, жолаушылардың тыныштығын бұзған, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына қарсылық көрсеткен. «Құқық бұзушыға қатысты алкогольді ішімдіктер ішкені, қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсақ бұзақылық және полиция талабына бағынбау бойынша іс сотқа жолданды», делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Қолданстағы заң талаптары бойынша құқық бұзушы 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
QYZYLJAR NEWS