ЗАРЕЧНЫЙ ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨШІРІЛЕДІ

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлдағы жылда көктемде су басу қаупі бар Заречный кенті тұрғындары бұл ауданнан көшірілмек. Жергілікті билік Есіл өзенінің жағасында орналасқан елді мекенде тұру қауіпті және тасқынның салдарымен күресу тиімсіз деген шешімге келді. Осыған орай Заречный кентіндегі тұрғындарды басқа жерге көшіру жоспарланған.

Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, былтырғы су тасқынына дейін Заречный кентінде 440 үй болған. Су кеткеннен кейін 189-ы тұруға жарамсыз болып, бұзып алынды. Қазіргі таңда мұнда 251 үй және 521 адам қалған. Оның 160-ы пәтер болса, қалғаны — жеке тұрғын үй.

— Жылда су басу қаупі туады. Ал елді мекенді тасқыннан қорғау үшін бөгет салу тиімсіз. Сол себепті тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылданды. Қазір Петропавлда осы кенттің тұрғындарына арналып екі көп қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ол пайдалануға берілісімен-ақ тұрғындар көшіріледі. Араларында пәтерден көшуге бас тартқандар болса, оларға ақшалай өтемақы беріледі. Ал мүлдем көшуден бас тартқан жағдайда сол жерде тұра береді, — дейді Әсем Айтулова.

Тұрғындар қазіргі баспанасының ауданына байланысты пәтерге ие болады.

— Сол ауданда тұратын саяжай үйлеріне мұның қатысы жоқ. Егерде саяжай учаскесіндегі үй оның жалғыз баспанасы болса, басқалары сияқты пәтер кезегіне тұра алады. Сондай-ақ жер учаскесін алуға өтініш қалдыруға құқылы, — дейді Әсем Айтулова.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz