Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өңірдегі баспасөздің қарашаңырағы «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жылдығына арналған «Мағжаннан басталған жол» атты «дөңгелек үстел» өтті. Шараға аталмыш басылымның аға буын өкілдері мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттер қатысты.
«Кедей сөзі», «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы», «Солтүстік Қазақстан» сынды бес белесті өткерген «қарашаңырақтың» ғасырдан астам тарихына көзі қарақты оқырман куә.
– Газет – өмір мектебі, өңір айнасы. Кешегі Мағжан, Смағұл, Қошкелердің ізі қалған қасиетті басылымнан қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай қаламгерлері шықты. Газетіміздің өз тұғырынан түспегені шын қуантады. Таралымының өзі ұжымның ауызбіршілікте екенін аңғартады. Жаңашылдыққа ұмтылатынын әр нөмірінен байқаймыз, – деді газеттің бұрынғы басшысы, белгілі жазушы-журналист, облысымыздың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов.
Газетті өмірінің мәніне айналдырған еңбек ардагері Тілек Әбдірахманов кезінде редакцияға қызметке шақырғанда бармағанына өкінетінін жеткізсе, Серікбай Құсайынов басылыммен әлі күнге дейін шығармашылық байланыста екенін, «Бір әннің тарихы», «Есте жүрген есімдер», «Тағзым», «Таным» айдарлары арқылы көңілде жүрген ойларды тілшілердің қолдауымен қағаз бетіне түсіретінін атап өтті. Ардагер ұстаз Қымбат Исманова газеттің әр нөмері кешігіп жатса, тағатсыздана күтетінін, Мағжаннан тәбәрәк болған басылымның заман көшіне ілесіп келе жатқанын сүйсіне жеткізді.
Жергілікті ақындар Нұрсайын Шәріп пен Аманжол Зағыпар жырдан шашу шашып, отырыстың шырайын кіргізді. Журналистиканың қызықты, әрі жауапкершілігі зор сала екенін, әсіресе газеттің қоғам өмірінде алатын орны ерекше екенін түсінген болашақ журналистер аға буынның сүбелі сөзін тыңдап, ақыл-кеңес алды. Кеш барысында қонақтар дәстүрлі әнші Ерасыл Алпысбайдың орындауында тамаша әнге құлақ.
Самрат ҚҰСКЕНОВ.