Қазақстан 2025 жылғы егіс науқанына дайындалуда. Биыл дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 700 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Шаруалар үшін 400 мың тоннадан астам жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Республиканың Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егіс науқанын табысты өткізу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Қазақстанда 2025 жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн. гектарды құрайды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Бұл ретте ел ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының ауытқуына байланысты тәуекелдерді азайту үшін бидай егістігін қысқартуды жалғастырады.
-Екі жыл ішінде бидай алқабы 730 мың гектарға қысқарды, оның ішінде биыл 159 мың гектарға. Қазіргі уақытта майлы және бұршақ дақылдары ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие, ал олардың бағасы тұрақты жоғары деңгейде, бұл агробизнестің рентабельділігін арттырады. Біз ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруды жүргізудеміз. Бұл ретте бидай аз болады деп алаңдаудың қажеті жоқ. Біз сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды пайдалану есебінен өнім аламыз, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы зығыр мен рапс сияқты дақылдардың нарықтық құны 200 мың теңгеге жететінін, ал бидайдың орташа бағасы тоннасына небәрі 65-70 мың теңгені құрайтынын атап өтті. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы қазір 75пайызды құрайды. Кктемгі егіс жұмыстары басында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Айдарбек Сапаров мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2024 жылы аграршылар 22 мың бірлік заманауи техника сатып алғанын атап өтті, оны жаңарту деңгейі 5,5 пайызды құраған.
-Бұл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезіндегі еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді. 2025 жылы біздің алдымызда аталған көрсеткішті 6,5 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр, бұл сөзсіз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Өткен жылдың қараша айында алғаш рет дала жұмыстарын қаржыландыру іске қосылды, бұл аграрийлердің несиеге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Өтінімдердің жалпы көлемі 205,2 миллиард теңгені құрады, оның 126,3 миллиард теңгесі қаржыландырылды. 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингіне қосымша 200 миллиард теңге бөлінеді, – деді Айдарбек Сапаров.
2025 жылы тыңайтқыштар енгізу 1,9 млн. тоннаны құрайды, бұл қажеттіліктің 59 пайызын жабады және өткен жылдардың көрсеткіштерінен едәуір асып түседі. Дала жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Тағайындалған станцияға дейін литріне 232 теңге белгіленген. Операторлардың шығындарын есепке алғанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының түпкілікті құны литріне 254 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 13-15 пайызға төмен.
QYZYLJAR NEWS