«Telegram» мессенджеріндегі арналардың бірінде оқушылардың атына кір келтіретін мәліметтердің пайда болуына байланысты Петропавл қаласының мектептерінде жоспардан тыс ата-аналар жиналысы өткізілуде. Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полиция ұстаздармен бірлесіп, ата-аналарға балаларды қорқытудан және басқа да интернет-қауіптерден қалай қорғауға болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр.
Полицейлер кибербуллингті неге елемеуге болмайтынын, жеке деректер мен әдепсіз мазмұндағы контентті таратудың салдары және құқық бұзушылар үшін қандай жауапкершілік шаралары көзделгенін айтады. Ата-аналарға жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарға қатысты статистика жайлы айтылды, олардың алдын алу бойынша нақты ұсынымдар беріледі.
Осындай жиналыстарға қалалық ювеналдық полицияның бастығы полиция капитаны Жанат Мұстафина да қатысып жүр. Тәртіп сақшысы балалардың интернеттегі әрекеттерін бақылау ата-аналардың жауапкершілігі екенін еске салады. Сондай-ақ кездесулер барысында жасөспірімдердің синтетикалық есірткіні қолдануының қауіптері мен суицидтің алдын алу шаралары талқыланады.
Петропавл қаласын да барлығы отыздан астам мектеп бар, олардың әрқайсысында полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Балалардың қауіпсіздігі – ата-аналардың, ұстаздардың және құқық қорғау органдарының бірлескен міндеті.
QYZYLJAR NEWS