Полицейлер Қазақстанның бірнеше қаласында «sim-box» жабдықтарының заңсыз жұмыс істеуін анықтады. «Sіm-box» қылмыскерлерге әлемнің кез келген жерінен алаяқтық қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. Тек жабдықтың өзі сол мемлекетте орналасуы және жергілікті байланыс операторларының трафигін пайдалануы жеткілікті.
Осыған дейін «sim-box» жабдықтары ірі қалаларда тәркіленіп келген еді. Қазір қаскөйлер оларды моноқалаларда да жүзеге асырып келеді.
Тек бір күнде Балқаш, Тараз, Екібастұз және Петропавл қалаларында киберполиция бөліністері прокуратурамен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, «sim-box» жабдықтарының заңсыз жұмысын әшкереледі.
-Операция барысында төрт адам ұсталды, олардың екеуі көрші мемлекеттің азаматтары. Тінту кезінде алты «sim-box» құрылғысы, 24,5 мыңнан астам «sim»-карта және перифериялық жабдық тәркіленді, — деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұсталғандарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес интернет-алаяқтарға көмектескені үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.