Биыл облысымызда су тасқынын бақылау мақсатында дрондар жүйесі іске қосылады. Одан алынған деректер дереу жедел басқару орталығына жіберілетін болады.
Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде Үкімет цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Сөйтіп, бұған дейін Алматыда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қолданылып келген жүйе енді Қызылжар өңірінде су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.
— Дрондар су тасқыны қаупі бар аумақтардан деректерді жинау үшін белгіленген траектория мен алдын ала айқындалған бағыттар бойынша күніне үш рет ұшады. Бұл өзендердің мұз жамылғысының жай-күйін, қардың көлемін, еріген сәтін, су толып кету жағдайын нақты уақытта бағалауға және уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев.
Деректер уақтылы әрекет ету және шаралар қабылдау үшін жедел басқару орталығына берілетін болады. Облыс аумағында бүгінде дрондарды ұшыру жоспарланып отырған 6 нүкте анықталды. Жағдайға байланысты су тасқыны кезеңінде қанша дрон пайдаланылатыны әлі нақтыланбақ. Әр аппарат 7 шақырым қашықтыққа дейін ұзап, әуеде 45 минут жұмыс істей алады. Дрондар оқиға орнынан дер кезінде ақпарат алып, сала мамандарының жұмысын үйлестіруге көмектеседі. Бұдан бөлек өңір құтқарушыларының резервінде тағы 14 дрон бар. Былтырғы тасқын уақытында бұл аппараттардың көмегімен су басқан аумақтар анықталып, адамдарды іздестіру жұмыстары жүргізілген болатын.
Бұл жаңа өзгерістер су тасқыны қаупі бар өңірлерде төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға, мониторингті жақсартуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақта су тасқынын бақылау үшін дрондар жүйесін басқа аймақтарда да енгізу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, облысымызда су тасқынының шарықтау шегі 19 сәуірде болады деп күтілуде.
— Көктем жылы болады деп күтілуде, қардың молдығы су тасқынының туындауына әкелуі мүмкін. Алдын ала болжам бойынша Сергеевка су қоймасына түсетін су көлемі 2,9 млрд. текше метр болады. Бұл нормадан екі есе көп,- дейді Қазгидромет» филиалының директоры Қымбат Мерғалымова.