«Ұлы дала керуені» халықаралық көшпелі көрмесі

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлдағы «Ботай» ART-галереясында ашылған көрме кейін басқа өңірлерде және Ұлы жібек жолы бойындағы түркі елдерінде жұрт назарына ұсынылмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлы дала керуені» көрмесінің мақсаты — қазақстандық қылқалам шеберлері мен шетелдік суретшілердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау және тарихымызға, салт-дәстүрімізге қызуғышылық ояту.

– Бүкіл дүниежүзі «Ботай» мәдениетін білсін, қазақ халқының тарихы тереңде жатқанын танысын деп ұйымдастырып жатырмыз. Қазақстандағы мықты суретшілердің басын қосып отырмыз. Әртүрлі техникада жұмыс істейтін шеберлер көп. Басқа қалалардан да суретшілер қосылып, жақсы деген жұмыстарын ұсынады деп ойлаймын, — дейді ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық пластикалық өнер қауымдастығының мүшесі Айткүл Тасмағамбетова.

Петропавлда өтіп жатқан көрмеге үш суретші — Бақытнұр Бурдесбеков, Айткүл Тасмағамбетова және Әділғали Баяндиннің 80-нен астам туындысы қойылды.

– Әртүрлі тақырыпта 25 жұмысымды әкелдім. Қыз баланың, әйелдің бейнесі жұмыстарымда көрсетілген. Соның бірі – «әйел бақыты» деп аталады. Тиянақты ізденістен туды, өйткені әйел бақыты, ол елдің бақыты деп ойлаймын. Сондай-ақ тарихи тақырыптағы жұмыстарым да бар. «Күрес» деп аталатын туындыға ерекше тоқталғым келеді. Екі жігіттің ат үстіндегі күресі. Жалпы жылқыға қатысты бірнеше еңбегім бар. Ботай – жеті қазынаның бірі – жылқының алғаш рет қолға үйретілген жері ғой. Осы идеяларымызды Қызылжар жеріне әкеліп, көрме ұйымдастырып жатырмыз, — дейді  Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин.

Суретшінің айтуынша, көрмеге қызығушылық жоғары. Мәселен, Әзербайжаннан, Баку қаласындағы Гейдар Алиев музейінде көрме ұйымдастыру ұсынысы түскен. Жалпы жоспар бойынша «Ұлы дала керуені» халықаралық көшпелі көрмесі Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия мен Қытайда да өткізілмек. Ал Петропавлда екі ай жұмыс істейді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz