ОБЛЫС ӘКІМІ ТАЙЫНША АУДАНЫНДА КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Авторы: Qyzyljar News

Облыс  әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көктемгі су тасқынына дайындықтың кешенді тексерісін жүргізу, қауіп-қатерлерді жан-жақты талдау және қажетті шараларды қабылдау мақсатында Тайынша ауданында кеңес өткізді. Жиында жауапты органдардың басшылары, сондай-ақ Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдері атқарылған істер жайлы баяндады.

Мұндай жиынның Тайыншада өтуі кездейсоқ емес. Былтыр  көктемле  23 үйді су басып, жол учаскелерін су шайып кетті. Ал кей жерлерде су жол төсемінен асып, жолдарды ашуға тура келді. Әрине, үйлері зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіліп, шығындары өтелді. Жолдар қалыпқа келтірілді. Бірақ биыл мұндай жағдай қайталанбас үшін ауданда ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

-11 ауыл мен Тайынша қаласында жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын топырақ бөгеттері нығайтылды. Былтырғыдай жолдарды су шайып кетпес үшін 61 учаскіде су өткізгіш құбыр орнатылды. Аудан орталығында қосымша 24 құбыр төселіп, 7 шақырым су бұру арналары салынды, — деді  Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов. Сондай-ақ, аудан аумағындағы Зеленогай бөгетінде тексеріс жүргізілді. Қазір нысан 70% толық. Мамандар оның жағдайы қанағаттанарлық деп отыр. 4,5 мың тонна инертті материалдар дайындалған. Су тасқыны бола қалса, тұрғындарды көшіру үшін 25 эвакуациялық пункт әзірленді. Жан-жануарларды орналастыратын алты орын бар.

Жалпы, биыл аудандағы 12 елді мекенді су басу қауіпі бар. Мамандар 99 баспанаға су кіруі мүмкін деп болжаған. Бұл тізімге Донецкое, Черниговка, Красная Поляна, Доброжановка, Макашевка, Келлеровка, Кантемировское, Теңдік ауылы, Алабота, Ясная Поляна, Новоберезовка және Тайынша қаласы енген. Аталған елді мекендерде 279 адам тұрады. Су басу қаупі бар елді мекендерде жергілікті тұрғындармен жиындар өткізілді. Түсіндіру жұмыстары мықтап қолға алынған. Жадынамалар таратылып жатыр. Сондай-ақ ауданда төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның, су тасқынына қарсы штабтың отырыстары және аппараттық кеңестер үнемі өткізіліп тұратын көрінеді.

Су тасқыны қаупі Тайыншадан бөлек, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарында да сақталып отыр. Осыған байланысты аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына мұқият дайындалып, қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау тапсырылды, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz