Өңір музейлеріне тегін кіру үрдісі осыдан алты жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Сол кездегі өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тікелей тапсырмасы бойынша, облыстағы барлық музейлер келуішлерге тегін қызмет көрсетіп келген. Бірақ, 2025 жылдың ақпан айынан бастап мәдени ошақтарды аралау үшін ақша төлеу керек. Облыстық деңгейдегі музейлердің билеті ересектер үшін – 300 теңге, студенттер – 200 ал балалар — 100 теңге төлеуі тиіс. Аудандық музейлерге кіру құны ересектер үшін – 200, студенттер үшін – 100, ал балалар үшін – 50 теңгені қүрайды. Бес жасқа дейінгі балалар мен мүгедектерге музейге бару тегін. Зейнеткерлер үшін әр айдың 10-ны мен 20-сы күні кіру тегін.
2018 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде музейлердің материалдық-техникалық базасы тек ішінара 20 пайызға жаңартылды. Бұл ретте қалған мүлік моральдық тұрғыдан тозған. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат тек коммуналдық және музейлерді күтіп ұстау және олардың жұмыс істеуі жөніндегі өзге де қызметтерге ақы төлеуге бағытталған.
Билет құны арықылы алынатын осымша қаражат музейлердің қызметін дамытуға және олардың келушілер үшін тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ақылы қызмет көрсету есебінен экспозицияны жаңарту, экспонаттарды қалпына келтіру, материалдық-техникалық базаны нығайту жоспарланған.
Қазіргі кезде облыста төрт мемлекеттік музей, сегіз филиал жұмыс істейді. Айта кету керек, музейлерге тегін кіру тек біздің облыста ғана қолданылды. Басқа аймақтарда ол тәжірибе музей акциялары, музейлердегі түн сияқты белгілі бір күндерде ғана болған. 2024 жылы облыс музейлеріне 94 663 адам барды.
QYZYLJAR NEWS