Былтыр суда қалып, шіри бастаған 1130 га ағаш жойылған

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысында ормандарды қорғау үшін өткен жылы 580 млн теңгеге қажетті техника мен қондырғылар сатып алынды. Сатып алынған техниканың ішінде өрт сөндіру, патрульдік автокөліктер, ағаш отырғызу машиналары, ұшқышсыз ұшатын 12 аппарат бар.

— Өрт қауіпті маусым барысында облыс аумағындағы ормандарда орман күзеті патрульдейді, сондай-ақ автоматты бейнемониторингтің 7 жүйесі қолданылады. Орман күзеті табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 126 дерегін анықтады, 3 млн. теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Мүдделі органдармен өзара іс-қимыл жоспары қабылданды. Ресейлік әріптестермен шекара маңындағы аумақтарда бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімдер жасалды. Нәтижесінде былтыр орман өрттері тіркелген жоқ, — дейді облыстық табиғи ресуртар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы Бейбіт Исманов.

Алайда, суда тұрған ағаштар шіри бастағандықтан оларды кесуге тура келген.

— Жер асты суларының көтерілуі салдарынан ормандардың шіру жағдайлары бар. Мұндайда шаруашылықтар мүмкіндігінше санитарлық іс-шаралар жүргізеді. 2024 жылы 1130 гектар аумақта шіри бастаған ағаштар кесілді, 113 мың текше метр көлемінде отын дайындалып, халық пайдалануға берілді, — дейді Бейбіт Исманов.

Жалпы былтыр облыс бойынша тұрғындарға отынға және ағаш өңдеу цехтарына барлығы 460 мың текше метр ағаш берілген. Облыстық бюджетке орманды пайдалану есебінен 390 млн. теңге түскен.

2024 жылы облыста  14 орман пайдаланушысы ағаш дайындаумен және өңдеумен айналысты. Жалға алушылар 200-ден астам адамды жұмысқа орналастырды және жыл сайын цехтарда шамамен 100 мың текше метр жергілікті ағаш өңделеді. Ағаш дайындаудан басқа, мемлекеттік қордың учаскелері рекреациялық мақсатта да беріледі. Облыс аумағында тұрғындардың демалысын ұйымдастыру қызметін көрсету үшін 22 орман пайдаланушы орман учаскелерін жалға алған.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz