ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ БАҒАСЫН ӨСІРГЕНДЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Авторы: Qyzyljar News

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсіргені үшін 142 кәсіпкерге әкімшілік жаза тағайындалды. Оның 123-іне ескерту жасалса, 19-ына 1 624 480 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жауапқа ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері тартылды.

Баға мәселесі «AMANAT» партиясының облыстық филиалы  жанындағы өңірлік даму кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында қаралды. СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшеваның сөзіне қарағанда, аталған бұзушылықтар сауда орындарына тексеріс жүргізу кезінде және электрондық шот-фактураларды талдау нәтижесінде анықталды. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жоғары бағамен жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарының заңбұзушылықтары тіркелді.

Мұндай фактілер аймақтағы білім беру мекемелеріне өнім жеткізу кезінде анықталды. Кейбір жағдайларда орташа нарықтық бағалар ескерілмеген, бұл тауарлардың қымбаттауына алып келген. Аталған деректер бойынша материалдар тиісті органдарға, соның ішінде экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураға жолданды.  Сонымен қатар, биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіргені үшін жазалау шаралары күшейтілді.

-Баға бақылауын күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ескерту шарасы әкімшілік айыппұлмен алмастырылды. Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 5 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін — 35 АЕК, ал ірі кәсіпкерлікке — 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайтадан заң бұзушылық орын алса, айыппұл мөлшері екі есе өседі, — деді Ләзім Мияшева.

Отырыс барысында картоп бағасына ерекше назар аударылды. 2024 жылдың қаңтар айында оның көтерме бағасы 220-250 теңгеге дейін жеткен. Ал үй маңындағы дүкендерде аталған өнім 340 теңгеден саудаланған. Бағаның өсуіне негізгі себептер — экспорт көлемінің артуы мен өнім сапасының төмендеуі. Бағаның көтерілуіне қарамастан, азаматтардан немесе қоғамдық ұйымдардан департаментке шағым түскен жоқ. Тек «e-otinish» платформасы арқылы бір ғана өтініш келіп түскен, оның негізінде жүргізілген тексерістер нәтижесінде 4 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды.

 

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz