Петропавл қаласындағы көпқабатты үйдің ауласындағы кәріз коллекторында жұмыс істеу барысында газ жарылды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 19 ақпан күні кешкісін болған. Жуков көшесіндегі үйдің ауласында кәріз коллекторының ескі құбырын бөлшектеу кезінде газ-ауа қоспасы жарылған. Соның салдарынан жұмыс істеп жатқан апаттық бригаданың бес жұмысшысы зардап шекті. Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің жасы 29 бен 59 аралығында, олар Петропавл қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер кейін жарақат алғандардың біреуін амбулаторлық ем алуға үйіне жіберген. Қалған төртеуі жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр. Зардап шеккендердің барлығының басы мен мойны күйген.
QYZYLJAR NEWS