Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 ақпан күні таңғы сағат жетілер шамасында қаланың көңіл көтеретін орындарының бірінде мас күйдегі екі тұрғын теріс қылық көрсетіп, тәртіпті бұза бастаған. Жақын маңда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін оқиға орнына келген.
— Шу шығарғандардың біреуіне самбо әдістерін қолданып, қолына кісен салуға тура келді. Екіншісі ашу үстінде өзінің тамағына пышақ тақап, өзін-өзі өлтіретінін айтып қорқыта бастаған. Оқиға орнына дереу қосымша күштер жіберілді, сондай-ақ Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев та келді. Осындай сипаттағы әртүрлі қиын жағдайларда жылдам әрі тиімді шешім қабылдай білетін тәжірибелі офицер жанжалқоймен келіссөздер жүргізе бастады. Абырой болғанда, ызаланған қала тұрғыны тынышталып, пышағын жерге тастады. Кейін полицейлердің талабымен қызметтік көлікке отырды. Қазіргі уақытта ұсталған ер адамдардың екеуі де полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік жазаларын өтеп жатыр, — делінген облыстық полиция департаментің баспасөз өызметі таратқан хабарламада. Олардың қалған әрекеттеріне бөлек құқықтық баға берілетін болады.
QYZYLJAR NEWS