Араға 5 жыл салып ұйымдастырушылар құсбегіліктен ересектер арасындағы ХVІІІ республикалық чемпионатты Солтүстік Қазақстан облысында өткізуді дұрыс деп шешіпті. Бұл да болсын өңірде ұлттық спортты дамытып, ат баптап, құс салатындардың қатарының артуына оң әсер етері анық.
Жер-жерден жиналған құсбегілер мен меймандарды облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Чемпионатқа еліміздің 12 өңірінен 62 бүркіт, 29 қаршыға, 17 ителгі әкелінген екен. Соңғы рет Қызылжар даласында мұнша құстын жиналғанын кім білсін, әйтеуір, бір-ақ сәтте чемпионат өтетін Бескөл ауылы мәре-сәре болып, қатысушылардың жиналған жері қайнаған қан базарға айналып кетті. Әр өңірден әкелінген аңшы құстардың сипаты мен сынын айтпағанда меймандардың киім киісі, жүріс-тұрысы, тіпті, сөйлеген сөзіне дейін көшпелі өмірді еске салып, ойында ұмыт бола бастаған әлдебір дүниелерге сәуле түсіргендей сезімге бөледі.
Ашылу салтанатында сөз алған Туризм және спорт министрлігінің ұлттық және ат спорты түрлері орталығы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Рамазанова белгілі құсбегі, Айыртау ауданының тумасы Мәсіп Батырханұлының 140 жылдығы да ескерусіз қалмайтынын атап өтті. Құс ұшырып, аң аулаумен аты шыққан Мәсіп Батырханұлы аштық жылдары өзінің кәсібінің арқасында елді аман сақтап, соғыс жылдары аң терісінен тігілген дүниелерді майданға жіберіп отырған. Осы еңбегі үшін «КСРО аңшылық кәсіпшілігінің үздігі» атағын алған. Мерейтой иесіне арналған жарыс алдағы уақытта көршілес Көкшетау өңірінде ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Жарыс басында республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы да сөз сөйлеп, жыл сайын қатысушылардың қатары жастармен толығып келе жатқанын айтты.
Ашылу салтанатынан кейін жиналғандар «Құлагер» ипподромына барып, алғашқы сайыстар басталып кетті. Бірінші болып қолға бүркіт шақыратындар сынға түсті. Бүркіттердің иелері анадай жерге барып, жүздеген метр алыстан ұшырылған құсын шақырады. Егер бүркіт иесіне жылдам жетсе, жоғары нәтиже көрсеткені. Құстың бабы мен иесінің шеберлігі сыналар тұс осы.
Жарыстың алғашқы дүбірінен құлақтанған болуы керек, екінші күні жиылған жұртшылық әлдеқайда көп болды. Өздерімен кішкентай балаларын ертіп келіп жатқан ересектердің қарасы қалың. Қаракөздерімізді айтпағанда, қанында жоқ кәсіптен хабары аз өзге этнос өкілдерінің өзі делебесі қозып, айқайға басқанын көрсеңіз. Сайыстың нағыз қызығы да осы екінші күні болды.
Екі күнге созылған сайыс нәтижесі бойынша ителгі салудан үшінші орынды алматылық Сұлтансері Есентаев, екінші орынды керекулік Ермек Иманзаип, бірінші орынды қарағандылық Таңат Оспанқұлов иеленді. Қаршыға салудан бірінші орын Дәурен Аршабайға бұйырса, екінші сатыға Серікболсын Жалғасұлы тұрақтап, үштікті Түркістан облысынан келген Заки Махмудхан түйіндеді. Елдің назары ерекше ауған бүркіт салу сайысында Ақмола облысынан келген Руслан Тумурзин үшінші орын иеленді. Екінші орынды Абай облысының намысын қорғаған Ерзат Байқадамов қанжығалады. Ал қыранының бабы келіскен ақмолалық Ерлан Кенжетаев бірінші орынмен марапатталды. Тоғыз жеңімпазға да ақшалай жүлделер табыс етілді.
Диас АЯҒАН.