«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана қаласының нейрохирург дәрігері және эпилептологы Азат Шпеков тәжірибесімен бөлісті. Эпилепсиямен ауыратын әйелге ота облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде жасалды.
Мамандардың айтуынша, кезбе жүйкесі стимуляторы — VNS орнату, әдетте, басқа әдістер нәтиже бермеген кезде қолданылып, емдеудің соңғы кезеңі болып есептеледі.
— Кезбе жүйкесін ынталандыру фармакорезистентті эпилепсияның ауыр түрімен ауыратын науқастардың жағдайын жақсартуға көмектеседі. Бұл ағзаның эпилепсияға қарсы жүйесін ынталандыруға мүмкіндік береді. VNS операциясы кезінде мойын-бұғана маңында екі тілік жасалады. Электрод оратылып, ол кішкентай чиппен байланыстырылады. Осы арқылы эпилепсияға қарсы тітіркендіргіштер тері астына имплантацияланатын стимулятордан миға жіберіледі. Бұл ұстаманың дамуын болдырмауға көмектеседі.
Науқасқа магнитті білезік тағылады. Ұстама басталайын деп жатқан кезде білезікті кеудеге жақындатып, тоқтатуға болады. VNS қолдану пациенттердің өмір сапасын жақсартады, — дейді облыстық көпбейінді аурухананың ординатор дәрігері Балхар Шатуев.
Ота жасалған сырқаттың жасы — 45-те. Ол бес жылдан артық эпилепсиямен ауырған. Дәрі-дәрмек кейінгі кезде көмектеспей, салдарынан препараттардың мөлшерін ұлғайтуға тура келген екен. МӘМС аясында әйелге қымбат ота тегін жасалды.
QYZYLJAR NEWS