ҚҰЖАТ РӘСІМДЕУГЕ КӨМЕКТЕСТІ

Авторы: Qyzyljar News

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Петропавл қаласының тұрғыны, зейнеткер Алексей Костарев жүгінді. Ол тірек-қимыл аппараты бұзылған және сирек кездесетін генетикалық ауруы бар I топтағы мүгедек қызына Қазақстанда тұру ықтиярхатын алуға көмектесуді сұрады. Қызы ұзақ уақыт Ресейде тұрған. Бірақ күйеуі қайтыс болғаннан кейін қиын жағдайға тап болып, әкесіне көшіп келген. Жалпы Қазақстанда тұру ықтиярхат алу үшін РФ шетелдік паспорты болуы тиіс.

Алайда бұл құжат азаматшада болмай шықты. Кейін қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары зейнеткердің қызы бұрын тұрған ресейлік аймақтың ХҚКО қызметкерлерімен байланысып, жағдайды баяндаған. Кейінірек Алексей Костарев қызымен бірге Түмен облысының Казанка ауылына барып, онда әйелге шетелдік паспорт рәсімделіп, мүгедектік мәртебесі жаңартылды.

Мәселені шешуге облыстық мәслихат депутаты Сергей Леонтьев те көмектесті. Ол өзінің кеңесін беріп, жолдың шығындарын өз мойнына алған. «Біз Ресей Федерациясының көршілес аймақтарының ХҚКО қызметкерлерімен үнемі байланыстамыз. Өйткені құжаттарды қайта рәсімдеу мәселелері бойынша келушілер мен жергілікті тұрғындар көп жүгінеді. Бір жыл ішінде бізге осындай мәселелермен 10-нан астам адам көмек сұрады. Барлығына көмектестік», — деді қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанова.

Алексей Костарев қызымен бірге дайын шетелдік паспортты алу үшін қайтадан Казанкаға аттанды. Содан кейін Қазақстанда тұру ықтиярхатын алу процесі басталады.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz