ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда дарынды оқушыларды дамытуға арналған облыстық семинар өтті. Іс шараға «Мың бала» ұлттық зияткерлік жобасының жеңімпаздары қатысты.

Өңірлік семинарды El Umitі корпоративтік қоры мен «Қызылжар дарыны» орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Басты мақсат – қабілетті оқушыларды  анықтап, оларға әрі қарай қолдау көрсету. Семинарға келген мектеп директорлары мен әдіскерлерге және оқушыларға қордың жобалары таныстырылды. Сонымен қатар, «Мың бала» ұлттық зияткерлік жобасының жеңімпаздары өз жетістіктерімен бөлісті.

«El Umitі корпоративтік қоры оқушылар мен студенттердің, ұстаздардың зияткерлік және кәсіби әлеуетін арттырумен айналысады. Оларға қолдау көрсету үшін түрлі жобаларды жүзеге асырады. Мысалы, ауыл балалары үшін «Мың бала» жобасы алты жылдан бері бар. Оған алтыншы сыныпты аяқтаған ауыл оқушылары қатыса алады. Жеңімпаздар еліміздің үздік мектептерінде тегін білім алады. Сонымен қатар, Qabilet кәсіптік платформасы, El Umiti премиясы мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары жұмыс істейді», — дейді корпоративтік қордың басқарушы  директоры Гүлім Жүсіпова.  

Облыс бойынша алты жыл ішінде 186 оқушы «Мың бала» жобасының жеңімпазы атанған. Олардың 46-сы еліміздің алдыңғы орта білім беру ордаларына түскен.  Төрт жыл бұрын бағын сынап, зияткерлік сайысқа қатысқандардың бірі – Мағжан Әлмен. Ол қазір білім инновация лицейінің 10-шы сыныбында оқиды.

«Мен Бескөл ауылында оқыдым. Кейін досым  екеуіміз «Мың бала» жобасына қатыстық. Мен математика саласын таңдадым. Олимпиада екі турдан  тұрды. Бәрінен жақсы ұпай жинадым. Қазір білім инновация лицейінде оқып жатырмын. Болашақта дизайнер, ІТ саласында жұмыс істегім келеді. Жалпы, зияткерлік сайысқа қатысқаныма өкінбеймін. Ол маған жаңа мүмкіндік сыйлады», — дейді Мағжан Әлмен.

Семинар барысында жоба жеңімпаздарына қор және «Қызылжар дарыны» орталығы атынан естелік сыйлықтар берілді.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz