Қоқысты қайта өңдейтін кластер құрылады

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны және қоқысты қайта өңдеу мәселесін шешу мақсатында Техноэкопарк салынады. Облыстық әкімдікте өткен жиында Техноэкопарк жобасы таныстырылды.

— Қоғамның негізгі проблемаларының бірі — экологиялық жағдайдың нашарлауы. Өңірлерде полигондар мен қоқыс өңдеу зауыттары жоқ. Петропавлдағы полигонның пайдалану мерзімі 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады. Осыған байланысты біз қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын және қоқысты кәдеге асыратын зауытты салуды ұсындық. Техноэкопарк — кластер негізінде жұмыс істеп, бірнеше бағытты қамтиды, — дейді жобаны ұсынушы «Радуга» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Қатранов.

Техноэкопарк аясында төрт жоба іске қосылады. Олар: түйіршікті шикізат алу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен және бастапқы өңдеумен айналысатын «Қоқыс өңдеу зауыты»; дәретхана қағазы, қағаз сүлгілер, майлықтарды қайта өңделген қағаздан және макулатурадан шығаратын «Қағаз өнімдері фабрикасы»; гофр картон және гофр ыдыс сияқты қайта өңделген картоннан жасалған бұйымдарды шығаруға маманданған «Картон бұйымдары фабрикасы»; еуроподдон, жиһаз, автобөлшектерді және ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектерді қайта өңделген пластиктен жасайтын «Металл-пластика бұйымдары зауыты».

— Екі өндіріс орны «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасады. Жалпы ауданы 13 мың және 18 мың м2 болады. Жобаның жалпы құны шамамен 49 млрд теңге. Осы бірлескен үлкен жобаны жүзеге асыру барысында өнім көлемін бірнеше есе арттырамыз. Бұл жобаны іске асыру өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына айтарлықтай әсер етеді, — дейді Дәурен Қатранов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz