Облыстық әкімдікте жылыту маусымына қатысты мәселелер қаралды. Облыс тұрғындарын жылумен Петропавл № 2 жылу-электр орталығы, 24 орталық қазандық және 466 автономды қазандық қамтамасыз етеді. Петропавлдағы станцияда 8 қазандық пен 6 турбина агрегаты жұмыс істейді, резервте 2 қазандық пен 1 турбина бар. Бір қазандықты күрделі жөндеу басталды. Сондай-ақ биыл жаңа мұржаны іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар қатты тасқыннан зардап шеккен 53 шақырым жоғары вольтты электр желілері мен 737 бағана қалпына келді.
Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында 7 блок-модульдік қазандық орнатылды. Бұл 20 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанға тұрақты жылу беруді қамтамасыз етті. Сондай-ақ Пресновкада 2 көпқабатты үй мен 7 әлеуметтік нысан қосылды. Аудандарда 7 қазандық алмастырылды.
Келесі жылыту маусымында Саумалкөл және Новоишим ауылдарында орталық қазандықтар мен жылу желілерін іске қосу жоспарланған, Талшық ауылында да жылу желілері қосылады. Сонымен қатар Жұмабаев, Мүсірепов және Тимирязев аудандарында жаңа блок-модульдік қазандықтар орнатылады.
Жиында сондай-ақ энергетика саласындағы маман тапшылығы мәселесі де көтерілді. Қазір энергетикалық кәсіпорындарда 550 бос жұмыс орны бар. Әсіресе, электрмонтерлер, электр ұсталары, инженерлер мен дәнекерлеушілер жетіспейді. Осыған байланысты, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов оқу орындарын облысқа қажетті мамандарды даярлауға қайта бағдарлауды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.