Облыс орталығында Алғыс айту күніне орай волонтерлер «Жылы жүрек» акциясын ұйымдастырды. Іс-шараға облыс волонтерлерінің «Birgemiz» фронт-кеңсесінің мүшелері және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олар қала көшелеріне ыстық шай құйылған термостарын, бауырсақ пен кәмпит алып шығып, бұл күні жұмыс істеп жатқан коммуналдық қызмет жұмысшыларына таратты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін елімізде «Игі істер марафоны» акциясы басталған. «Жылы жүрек» осы жоба аясында өтіп жатыр. «Бұл адамдардың еңбегі зор. Күнде көшеге шығып, қаламыздың таза болуы үшін жұмыс істейді. Акция аясында алдымен осы жұмысшыларға алғыс айтып, олардың еңбектеріне өз құрметімізді білдіргіміз келді», — дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жастар бастамалары бөлімінің жетекшісі Анастасия Волкова.
Өңір волонтерлері бүгіндері белсенділік танытуда. Олар қазіргі уақытта жеке тұрғын үйде тұратын жалғызілікті қарттарды қамқорлыққа алып, аулаларын қардан тазартып жатыр.
QYZYLJAR NEWS