Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Қалалық Мәдениет үйінде өткен жиында өңір басшысы қала әкімі Серік Мұхамедиевпен бірге тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Кездесуде қала инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, баспанамен қамту, су тасқынының алдын алу, қоғамдық көлік мәселелері мен әлеуметтік нысандар құрылысы талқыланды.
Облыс орталығын дамыту жоспарына сәйкес, өткен жылы басталған жұмыстар биыл да жалғаспақ. Тасқыннан зардап шеккен аумақтарды абаттандыру мақсатында 2000 ағаш отырғызылып, 74 сквер, балалар және спорт алаңдары, кіші архитектуралық формалар мен серуендеу жолдары жасалады. Қала көшелерін жөндеу жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылады. Биыл 45 көшеге орташа жөндеу жүргізілсе, оның 42-сіне мүлде асфальт төселмеген. Алдағы үш жылда барлық көшелерге асфальт төсеу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 15 кварталда 50 аула кешенді жаңғыртудан өтеді. Дегенмен, қала бойынша әлі де 254 аула жаңғыртуды қажет етеді.
Қала орталығындағы Қазақстан Конституциясы көшесі де жаңғыртылады. Көктемде жаяу жүргіншілерге ыңғайлы кеңістік жасау жұмыстары басталады. Бұл көше қалалықтар мен қонақтар үшін жайлы демалыс орнына айналмақ.
–Петропавлда 7 бюджеттік және 13 коммерциялық көпқабатты үй салу жоспарланған. «Жас Өркен», «Копай», «Береке», «Орман» және «Орталық» шағынаудандарында жаңа баспаналар бой көтереді. Әлеуметтік осал топтарға арналған 110 пәтер сатып алынбақ. Былтыр осы санаттағы азаматтарға 169 пәтер берілген еді. Сондай-ақ, жастарды қолдауға бағытталған «Қызылжар жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады, – деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.
Қала әкімінің айтуынша, биыл да көктемгі су тасқыны қаупі жоғары. Осыған байланысты, Заречный кентіндегі 251 тұрғын үй мен мектеп қауіпсіз аймаққа көшірілмек. Халықты «Жас Өркен» шағынауданындағы және Уәлиханов көшесіндегі жаңа көпқабатты үйлерге орналастыру жоспарланып отыр.
Петропавлда жаңа білім беру және медициналық мекемелер салынады. «Жас Өркен» шағынауданында 280 орындық балабақша бой көтереді. Сонымен қатар, республика көлеміндегі ірі білім беру жобаларының бірі – «Үркер-Сириус» орталығының құрылысы басталады. Бұл 900 орындық кешенде мектеп-лицей, шығармашылық және спорттық орталықтар, интернат және ұстаздарға арналған ғимараттар болады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында жедел жәрдем орталығына заманауи стандарттарға сай жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Сондай-ақ, Бескөл ауылында жаңа емхана бой көтереді. Қаладағы медициналық мекемелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа қондырғылар алынады. Қалада жаңа спорттық нысандар да салынуда. «Жас Өркенде» мұз сарайының құрылысы басталды, онда мұз аренасы, бассейн және спорт залдары болады. Сонымен қатар, «Қарасай» стадионының жаңғырту жұмыстары аяқталады.
Кездесу барысында петропавлдықтар өздерін толғандыратын бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Әкімдік өкілдері әр сұраққа нақты жауап беріп, шешу жолдарын ұсынды.
Қарқынды дамып келе жатқан «Береке» шағынауданында халық саны өсіп, қоғамдық көлікке сұраныс артты. Кездесу барысында тұрғындар №23 автобустың жалғыз бағыт екенін және оның жеткіліксіздігін айтты. Қала басшылығы бұл мәселені шешу үшін қоғамдық көлік бағыттарын қайта қарап, қажет болған жағдайда жаңа автобустар қосатынын мәлімдеді.
Қала тұрғыны Евгения Шмаргун Кошуков көшесіндегі көктем сайын қайталанатын су басу мәселесін көтерді. Бұл мәселе бақылауға алынды. Қала инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жаңа дренаждық жүйелер орнату жоспарланып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар Петропавл қаласының дамуы бойынша маңызды мәселелер мен ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов барлық айтылған ескертулердің қаланың даму жоспарына енгізілетінін және оларды жүзеге асыру үшін кешенді шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ.