- Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Ресейден газ тарту үшін шекаралас облыстардың қажеттіліктерін зерттеуде. Бұл жайында вице-министр Жандос Нұрмағанбетов Сенат отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, «Энергетика» министрлігі «Газпроммен» келіссөздер жүргізіп жатыр. Тиісінше ресейлік кәсіпорын Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне қанша газ керек екені туралы нақты ақпарат беруді сұрады.
-Қазір әкімдіктер әр өңірге қанша газ қажеттігі бойынша өтінімді қалыптастырып жатыр. Олар қандай кәсіпорындарды, жеке сектордың қанша бөлігін газға қосуға болатыны туралы жоспар жасауда. Сонымен қатар, қандай кәсіпорындар газға көшуге дайын екені анықталып жатыр. Қазақстандық кәсіпорындар үшін электрқуатын өндірісте пайдалану әлдеқайда арзан. Оның үстіне Ресейдегі газдың бағасында да айырмашылық бар. Бұл жұмыстар жылдың бірінші тоқсанында аяқталуы керек. Содан кейін министрлік қанша газ керек, оны қалай жеткізуге болады, бұл жоба қанша мерзімде іске асады деген сұрақтарға жауап бере алады, — деді Жандос Нұрмағанбетов.
Вице-министр «Газпром» көршілес Ресейдегі газ тасымалдау және жеткізу бойынша оператор болып табылатынын айтты.
-Сұйытылған газды жеке компаниялар да тасымалдайды. Ал құбыр арқылы келетін газға тікелей «Гапром» жауапты, -деді вице-министр.