ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН

Авторы: Qyzyljar News

   Қызылжарлықтар КСРО ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, полиция полковнигі, өлкетанушы, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, марқұм  Қобылан Хамзинді  саналы өмірін елдің гүлденуіне арнаған азамат ретінде жақсы біледі.   Жуырда облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерінің ұйытқы болуымен ардақты жан 1977-2012 жылдары тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды.  Шараға қатысқан аға буын өкілдері Қобылан Хамзиннің өнегелі өмірі туралы әсерлі сөз сабақтады.

– Бұл игі шараның жүзеге асуына   Қобылан  ағамыздың достары, інілері атсалысты. Қабекең туған жерін, елін сүйіп өтті.  1980 жылы Ұлы Жеңістің 35 жылдығы құрметіне өзі туған Көктерек ауылының Ұлы Отан соғысынан оралмаған 67 боздағына құлпытас қойылды. Оны Қабекең өз ақшасына салды. 2005 жылы оған өз қаржысын салып, жөндеуден өткізді. Жастар туған жердің жанашыр тұлғаларын біліп өсуі тиіс, – дейді Петропавл қалалық ардагер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин.

Қобылан Хамзаұлы 1933 жылы Шал ақын ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген.  Ленин орта мектебін жақсы бағамен бітірген соң  1953 жылы Ташкент қаласындағы ішкі істер министрлігінің басшы қызметкерлер дайындайтын оқу орнына түседі. 1955-1963 жылдары Аққайың, 1963-1966 жылдары Тимирязев, 1966-1971 жылдары Жамбыл аудандарының ішкі істер бөлімінде қызмет атқарды. 1971 жылы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалған.

Еске алу шарасында Қайдар Кәшенов, Мұрат Жантілеуов, Абылай Балтабаевтар сөз сөйлеп, Қобылан  Хамзинның өңір руханиятының дамуына да орасан  үлес қосқанын  ерекше тебіреніспен жеткізді. Ескерткіш тақтаны  облысымыздың құрметті азаматтары Құдайберген Қалиев пен Зейнолла Олжабай  ашты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz