Петропавлда украиналық «Dairy Global Experts» компаниясы өкілдерінің ұйымдастыруымен «Болашақ сүт фермасы» тақырыбында семинар өтіп, оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен диқандар мен ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары қатысты. Басқосуда артық қаржы шығындамай-ақ сүт өндіретін заманауи кәсіпорын салу жайы талқыланды.
«Dairy Global Experts» компаниясының өкілі Александр Назарко заманауи сүт фермасын салғысы келетін солтүстікқазақстандық аграршыларға құрылыс жұмысын қандай жоба арқылы жүргізуге болатындығы, сондай-ақ қаржылай көмексіз-ақ шаруашылықты дамыту жөнінде айтып берді. Жиын барысында аграршыларға жасанды интеллектінің көмегімен басқарылатын заманауи сүт фермасы туралы ақпарат берілді. Мәселен, роботтардың арқасында 500-ден астам сиырға небәрі 5 адам қызмет көрсетеді. Бұл серіктестіктерге миллиондаған қаржыны үнемдеуге септігін тигізеді.
Содан кейін келушілер назарына ауыл шаруашылығындағы түрлі заманауи техникалар ұсынылды. Солардың бірі – агродрондар. Бұл аппарат жерді өңдеуге және зерттеуге мүмкіндік береді. Олар кез келген ауа райында жұмыс істейді. Заманауи құрылғы арқылы, тіпті, егістікті суаруға, минералды тыңайтқыш себуге болады.
– Агродрондар 1 сағаттың ішінде 30 гектар аумақты қамти алады. 2 генератордан тұратын құрылғы пульт арқылы басқарылады. Бағасы – 12 млн. теңге. Алда егіс науқаны келе жатыр. Заманауи құрылғы ауыл шаруашылығы саласына аса қажет, — дейді Агродрон құрастыратын ақмолалық серіктестік менеджері Данияр Шаймерденов
Айта кету керек, біздің өңір сүт өндірісі бойынша елімізде екінші орында тұр. Облыста 110 тауарлы-сүт фермасы бар. Оның 50-ге жуығы – заманауи кәсіпорындар.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.