Соңғы жылдары Наурыз мейрамы Президенттің бастамасымен жаңаша форматта аталып өтілуде. 14 наурызда елімізде Наурыз мейрамын тойлау басталып кетті. Амал мерекесі аясында жыл басы – «Көрісу күні» біздің өңірде де кеңінен аталып өтілді.
Наурызнама аясында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына барып, ақсақалдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесіп, мейраммен құттықтады. «Көрісу күні – бұл біздің салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, сондай-ақ тарихымызды қадірлеудің белгісі. Өңіріміздің барлық этностары ұлттық құндылықтарды насихаттауға, бірлік пен татулықты нығайтуға зор үлес қосуда, қатты тасқын кезінде барынша қолдау мен көмек көрсетті, сол үшін әрқайсысына алғысымды білдірдім», — деп жазды облыс әкімі.
Наурызнама он күн бойы жалғасады. Осы уақыт аралығында өңірімізде Наурыз мейрамын ұлықтайтын, ұлттық болмыс, руханият, мәдениет және салт-дәстүрлерді дәріптейтін 700 аса іс-шаралар өтетін болады.
-Көрісу күні әрбір отбасыға амандық, береке мен молшылық әкелсін. Елімізде әрқашан ынтымақ пен бірлік орнығып, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс нығайсын. Келе жатқан Ұлыстың ұлы күні тек жақсылық пен құт-береке сыйласын!, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.