Шаңырақ күніне орай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Бектұрған мен Жанболсын Рамазановтар отбасына барып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Бектұрған ағамыз бен Жанболсын апамыз – отбасы құндылықтары мен берік қарым-қатынастардың жарқын үлгісі. Олар жарты ғасырдан аса уақыт бірге өмір сүріп, өзара сүйіспеншілік пен құрметті үлгі етіп келеді. Бектұрған Құрмашұлы ширек ғасыр Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылында мектепті басқарып, білім саласының дамуына өз үлесін қосты. Жанболсын Бәйкенқызы көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Ал балалары қоғамда өз орнын тауып, ата-анасының мақтанышына айналды.
Бүгінде ақсақалымыз бен ақ жаулықты әжеміз балалар, немерелер мен шөберелердің қызығын көріп отыр, бақыт деген осы. «Бірлігі жарасқан Рамазановтар жанұясы – өзара қамқорлықпен сыйластықтың тамаша үлгісі. Жастарымыз арасында отбасылық құндылықтарды дәріптей отыра, өзара сыйластық пен берік қарым-қатынастар принциптерін кеңінен насихаттау керек. Отбасы күні баршаңызға құт-береке әкелсін», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.