«БЕРЕКЕ БАСЫ – НАУРЫЗ» АЙТЫСЫ

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда «Береке басы – Наурыз» атты республикалық командалық айтыс өтті. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, іс-шараны облыс әкімдігі және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы ұйымдастырды.

Айтыс додасында Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер шеберлері бақтарын сынады. Бұл — өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, қазақ өнерін ұлықтау және ұлттық мәдени мұрамызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

Айтысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді.

— Айтыс – халықтың жан дүниесін тереңнен толғайтын, ұлттық рухын айшықтайтын ерекше өнер. Бүгінгі іс-шара ақындардың шешендік шеберлігін шыңдап қана қоймай, халқымыздың рухани тұтастығын бекемдей түседі. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған бұл дода – баршамыз үшін мәні зор оқиға. Ақындарға шабыт пен сәттілік тілеймін! Сөз маржанын теріп, ұлттық өнеріміздің мәртебесін асқақтата беріңіздер», – деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған қазылар құрамына танымал айтыскер ақын Серік Қалиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Рига Онаева, жырау-ғалым Алмас Алматов, күйші Жанғали Жүзбаев және дәстүрлі әнші Айтбек Нығызбаев кірді.

Қос өңір арасында өткен өнер бәйгесінде ақындар «түре», «сүре», «қайым» және «қыз бен жігіт айтысы» жанрлары бойынша сынға түсті. Доданың қорытындысы бойынша СҚО командасы бас жүлдені жеңіп алып, республикалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Жеңімпаз команда мүшелеріне ақшалай сыйақы табысталды: әр ақынға 500 мың теңгеден, ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші және күйшілерге 250 мың теңгеден берілді. Келесі турда жеңімпаздар Астана командасымен кездеседі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz