Жаңа жылды тойлауға келген танысын атып өлтірген азаматқа үкім шығарылды. Бұл қайғылы оқиға биылғы 1 қаңтарда Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында болған. Сол күні айыпталушы Андрей Кравчуктің үйіне таныстары Маркин, Маркина және Кожухов қонаққа келген. Олар дастархан басына отырып, бірлесіп спиртті ішімдік ішкен. Кейін Кравчук пен Кожуховтың арасында жанжал туындаған.
Осы сәтте ашуға булыққан 41 жастағы айыпталушы жатын бөлмеге барып, төсегінің астынан 32 калибрлі «ИЖ-К» маркалы тегіс ұңғылы мылтығын алып шығады. Содан кейін қонақтар отырған бөлмеге беттеп, Кожуховқа қару кезеніп, атып жіберген. Жарақат алған Кожухов ауруханада қайтыс болған.
Іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот Андрей Кравчукті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оны 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ Андрей Кравчук қайтыс болған танысының жақындарына 20 млн. теңге моральдық шығын өтеуі тиіс.Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Облыстық соттың баспасөз қызметі.