Петропавл қаласының Орталық алаңына Наурыз мейрамын тойлау үшін жиналған халықтың қарасы қалың болды. Олар жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалап, бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап жатты.
Өңір басшысы түрлі мерекелік алаңдарды және қолөнершілердің шығармашылығына, сондай-ақ Сәбит Мұканов, Шоқан Уәлиханов және Смағұл Сәдуақасов сынды танымал тұлғалардың мерейтойларына арналған киіз үйлерді аралады. «Көшпенділер әлемі» этноауылында көшпелі халықтың мәдениеті мен тұрмысы таныстырылды. Балалар үшін интерактивті алаң мен ұлттық ойындарға арналған спорттық алаң ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік стеласының маңындағы киіз үй облыс колледждеріне арналып, олар өз жетістіктері мен технологияларын, сондай-ақ «Еңбек мамандықтары жылы» аясында білікті мамандарды даярлау туралы айтты. Сонымен қатар, Конституция көшесінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қызылжар» креативті индустрия орталығы өз шығармашылығын көрсетті.
Осынау мерекеде спортшыларымызға да ерекше сый-құрмет көрсетілді. Бұл күні байрақты додаларда ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген бес жерлесімізді өңір жетекшісі марапаттады. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұханбетов жақында ғана қатарынан өткен бірнеше жарыста жеңіске жетіп, «Хрусталь глобусқа» қол жеткізген пара- биатлоншы Ербол Хамитовке «Haval» автокөлігін сыйлады. Енді жерлесіміз 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Паралимпиадада жеңіске жетуді жоспарлап отыр.
Ал ақпан айында Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен ересектер арасында өткен әлем чемпионатында 60 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынған балуанымыз Мейіржан Берекетовке екі бөлмелі пәтер бұйырды. Мейіржан Берекетов «Қызылжар арландары» клубында 2018 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол Қазақстан Республикасы чемпионаты мен 5-ші Көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанған. «Осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан облыс әкіміне, спорт басқармасына алғысымды білдерімен. Өте қуаныштымын. Алда әлі бірталай жарыстар күтіп тұр. Оларда да жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды саламын. Бүгінгі Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын», — деді Қазақстанның спорт шебері Мейіржан Берекетов.
Бұл күні парабиатлоннан және шаңғы жарысынан әлем чемпионаты мен әлем кубогінде қола медальға ие болған Александр Герлиц, Харбинде өткен Қысқы Азия ойындарында конькимен жүгіру спортынан командалық спринтте қола медаль жеңіп алған Надежда Морозова және Сербияда бокстан өткен әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізген Наталья Богдановаға 1 млн. теңгенің ақшалай сертификаттары табысталды.
“Наурыз мейрамы мыңдаған солтүстікқазақстандықтарды біріктіріп, достық пен бірліктің символына айналды. Мереке құтты болсын!”, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
QYZYLJAR NEWS