«ЗИКСТО» зауытында вагондарды құлтемірлер құрастыратын болады. Бұл туралы зауыттың директоры Данис Арасланов облыстық әкімдікте өткен отырыста айтты. «ЗИКСТО» зауыты платформалық вагондар, хопперлік вагондар және жолаушылар вагондарын өндірумен айналысады.
Қазіргі таңда зауытта 450 адам жұмыс істейді. Былтыр өнім көлемі 100 миллиард теңгеге жетіп, 28 пайызға өсім көрсетті. 2025 жылы зауыттың тапсырыстар портфелін ұлғайту және өндіріс көлемін арттыру мақсатында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ.
Зауыт директорының айтуынша, 2025 жылы жаңа өндірістік жоба іске қосылады. Оның аясында жолаушылар вагондарын және платформалық вагондарды құрастыру үшін арнайы жаңа өндіріс корпусы салынуда. Инвестиция көлемі 24 миллиард теңге болмақ. Әрі жұмысшылар саны 900 адамға дейін артады. Жыл сайын үш мың вагон құрастыру жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.
Кәсіпорын болашақта жартывагон, мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған вагон-цистерна мен автотасымалдаушы вагондардың өндірісін игеруді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде өңірде вагон құрастыру кәсіпорнын дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар екенін айтты. Сондай-ақ, осы жобаның іске асуы теміржол көлігін жаңартуға маңызды үлес болатындығын жеткізді.
Облыс әкімінің баспсөз қызметі.