Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сергей Емельянов, Данил Орлов және Ирина Скоробогатоваға қатысты апелляциялық шағымды қарай келіп, бір отбасының қанын суша ағызған үш айыпталушының жазасын қатаңдатты.
Еске сала кетейік, 2023 жылы–жаңа жыл қарсаңында–кәсіпкер Вадим Приходченко мен оның жұбайы Юлия және олардың 17 жастағы ұлы Юрийдің өлі денелері үйлерінен табылған болатын. Көп ұзамай үш адамды азаптап өлтірді деген күдікпен Сергей Емельянов пен Данил Орлов қамауға алынды. Кейін Вадим Приходченконың бизнестегі бәсекелесі Ирина Скоробогатоваға аталған іске қатысы бар деген сезікпен ұсталды. Оған Қылмыстық Кодекстің 28-бабы 4-бөлігі (Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiру, айдап салу) бойынша айып тағылды.
Аталған іс бір жылға жуық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып, былтыр қазан айында үш адамға қатысты үкім шығарылды. Сергей Емельянов өмір бойына, Данил Орлов 21 жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Ирина Скоробогатова ҚК 434-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Яғни, ол қылмыс жасалғаны туралы біле тұра жасырғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Алайда мұндай үкіммен прокурорлар да, жәбірленуші тарап та келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Тіпті, марқұмдардың қызы Татьяна Приходченко видеоүндеу жариялап, ата-анасы мен інісін өлтіргендерге жазаны қатаңдатуды сұраған болатын. 2024 жылдың қараша айында басталған апелляциялық сотта Ирина Скоробогатова өзінің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екенін, Приходченко отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтып ақталды. Бірінші сатыдағы сот отырысында да осы ұстанымында қалған. Сергей Емельянов та өзінің ешкімді өлтірмегендігін айтып, жалтарған. Қылмыстың барлығын Данил Орловтың басына үйіп-төккен. Ол сол күні Приходченконың үйіне барғанына өкініп, Татьянадан кешірім сұраған. Ал апелляциялық сот отырысында мүлдем кекештеніп, тұтығып сөйлей алмаған Данил Орловтың орнына оның қоғамдық қорғаушысы–анасы сөйледі. Ол бірінші сатыдағы сот отырысында Орловтың өзі айтқандай, Емельяновтан қорыққанын, оның қоқан-лоққы көрсеткенін, қайғылы оқиға болған күні Сергей Емельяновқа ілесіп, Приходченконың үйіне барғанымен, ешкімді өлтірмегенін жеткізген.
Бес айға жалғасқан апелляциялық сот аяқталып, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сергей Емельяновқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ал Данил Орлов жазасын алғашқыда айтылғандай 21 жыл сегіз ай емес, 23 жыл өтейтін болады. Ирина Скоробогатованың да жазасы қатаңдатылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тұтас отбасынан айырылған Татьяна Приходченко үкіммен келіскісі жоқ. Оның айтуынша, Ирина Скоробогатованың аталған қылмысты жасауға итермелегені толық дәлелденгеніне қарамастан оған тағайындалған жаза жеңіл. Ал Данил Орловты өмір бойына бас бостандығынан айыру керек еді деп есептейді. Енді Жоғарғы сотқа шағым түсірмек ниетте. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,
облыстық соттың
баспасөз хатшысы.