Туберкулез – өте жұқпалы және қауіпті кесел. Басқа инфекцияларға қарағанда, ол созылмалы болғандықтан, сақтандыру шаралары қолға алынбаса, жұқтырған адамдар саны біртіндеп көбейе береді.
Туберкулез қоздырғышын 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох ашқан. Негізгі таратушы – туберкулезбен ауырған адам, оның қақырығы. Туберкулезбен жануарлар да, әсіресе ірі қара малдар да ауырады. Туберкулез ауа-тамшылары арқылы жұғады: қатты сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде бірнеше кішкентай бөлшектері ауаға бөлінеді, ол жылына 10-15 адамды жұқтыруы мүмкін. Сондықтан да оны кез келген жерде жұқтырып алуға болады. Жұқпа көбінесе тыныс алу жолдары арқылы енеді. Ауа-шаңмен жұғады: шаңмен бірге туберкулез микобактериясы өкпеге түсіп, сау адам ауырып қалуы мүмкін. Шошқа, ит, тауық, қой және жылқы туберкулезбен сирек ауырады. Адамға ауру малдың сүтінен жұғады. Ауру белгілері, әдетте, бірден білінбейді, жұқтырғаннан ауру пайда болғанға дейін бірнеше айдан бір жылға дейінгі мерзім өтуі мүмкін. Жұқтырған адам ағзасының қорғаныш күші мен бірінші кезекте иммундық жүйесінің жағдайы маңызды рөл атқарады. Сондықтан туберкулезге қарсы қорғанысы төмен, иммунитеті нашар адамдар жиі ауырады.
Әрине, медициналық қызметкерлердің, кімнің туысы мен жақын таныстары туберкулезбен ауыратын болса және егер олармен бір пәтерде тұрса, науқастармен ұзақ уақыт бойы жанында болса – олар тәуекел тобында, туберкулезді жұқтыру ықтималдығы зор. Қазіргі таңда бұл кеселдің алдын алу шараларын сақтаған дұрыс. Туберкулез таяқшасы, әсiресе, өкпе туберкулезiнiң жұқпалы түрiмен ауырған адамның қақырығында көп болады. Алайда, туберкулездiң жабық түрiмен ауыратын науқас фтизиатр дәрiгердiң бақылауында болуы керек. Өйткенi ол сәл ауырып, көңiл күйi нашарласа, тәннiң инфекцияға қарсыласуы әлсiреп, туберкулездiң белең алуы ықтимал. Көп жағдайда туберкулезбен халық арасында әлсіз адамдар ауырады. Олардың денін білімі төмен, жұмыс істемейтін, бірақ жұмысқа қабілетті 18 бен 45 аралығындағы жастар мен жасамыстар құрайды.
Туберкулез ауыруының алғашқы белгілері: қақырығы бар 2 аптадан артық жөтел, дене температурасының көтерілуі, әлсіздік, тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, қалжырау, салмақ жоғалту, кеуденің ауруы, қан түкіру. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде тез арада дәрігерге қаралыңыз.
Ал ауырмас үшін мына шараларды қатаң орындау қажет:
— Егер жақын айналаңызда жөтелетін және түшкіретін адамдар болса, қолыңызды жиі-жиі сабындап жуыңыз;
-жыл сайын флюорографиядан өтіп тұрыңыз, ол ауруды ерте кезде айқындауға мүмкіндік береді;
-таза ауамен көбірек дем алыңыз, күн аясына жиі шығыңыз;
-тағам сіңімді және құнды болуы тиіс.
Тікелей күн сәулесі туберкулез бактерияларын өлтіретін болғандықтан, көрпені, жүн және мақта-мата заттарды күн көзіне жиі іліп кептірген жөн. Бұл — зарарсыздандырудың жақсы және қарапайым әдісі. Туберкулездің және басқа да көптеген аурулардың алдын алу үшін иммунитетіңізді көтеріңіз.
Ал сырқат адам әрқашан дәрiгердiң барлық ұсынысын бұлжытпай орындап, емделгенi жөн. Дер кезiнде байқалса, туберкулезден тез айығып кетуге болады.
Мемлекетімізде туберкулезге қарсы қолға алынған жұмыстар нәтижелі деуге болады. Эпидемиялық жағдай тұрақталған. Соңғы жылдары азаматтар арасында туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді.
Жанат ӘБІЛОВ,
«Ақмола бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ СҚО бөлімінің бас маманы.