КӘСІПКЕР ӘКІМДІКТІ СОТҚА БЕРДІ

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасында бизнестің мәселелері бойынша кеңес өтті. Облыстық  кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында кәсіпкердің өзіне тиесілі қаражатты ала алмай жүргендігі айтылды. Барлық міндеттеменің орындалуына және жұмыстардың орындалғандығы туралы қол қойылған актілерге қарамастан, кәсіпкерге қызметі үшін ақы төленбеген. Өйткені келісімшарт қазынашылық органдарында тіркелмеген, салдарынан құжат жарамсыз болып отыр.

— 2024 жылы төтенше жағдай режимі кезінде Петропавл қаласы әкімінің аппараты эвакуациялық пунктте су тасқыны кезінде тамақтандыруды қамтамасыз ету бойынша кәсіпкермен шарт жасасты. Кәсіпкер шарттың талаптарын орындады, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойылды, яғни тапсырыс беруші қабылдады. Алайда, келісілген мерзімде төлем жасалмады, алашағы 29 млн теңгеден асады. Кәсіпкер сотқа жүгінуге мәжбүр болды, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Айдос Кеңбейілов.

Маманның айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан атқарылған жұмыс үшін ақша төлемеу жағдайлары артқан. Бұл істердің көпшілігі өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде жасалған келісімшарттарға қатысты.  Орындалған жұмыстардың дәлелдеріне қарамастан, сот кәсіпкерге талапты қанағаттандырудан бас тартты.

— Сотта жасалған келісімшартты әкім аппараты қазынашылық органдарда тіркемегені анықталды, бұл заңнамаға сәйкес оны жарамсыз етеді. Бұл жерде сұрақ туындайды: неге мемлекеттік орган тіркелмеген шарттың заңдық күші жоқ екенін біле тұра кәсіпкерден жұмыстарды қабылдады және орындалуын талап етті? Бұл оқиға жекелеген мемлекеттік құрылымдардың жауапсыздығын көрсетеді және бизнеске кедергі келтіреді, — дейді Айдос Кеңбейілов.

Осындай оқиғалардың жиілеуіне байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасының заңгерлері келісімшарттардың сомасы 100 АЕК-тен асқан жағдайда кәсіпкерлерге қазынашылық органдарында тіркелуін алдын ала тексеруге кеңес береді. Бұл келісімшарттың жарамсыздығына байланысты төлем жасаудан бас тарту сияқты жағымсыз жағдайларды болдырмауға көмектеседі. Облыс прокуратурасы бұл мәселені анықтауға уәде етті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz