«Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» фестивалі Петропавлдағы Н.Погодин атындағы драма театрының алдында ашылып, бұл жерде ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі, облыстың тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ Татарстаннан келген қонақтар ұлттық тағамдардың көрмесін ұйымдастырды.
Фестивальге келгендер Мажарстан, Татарстан, Башқұртстаннан және Петропавл мен Алматы қалалары аспаздарының өнерін тамашалап, қаз етінен жасалған тағамдардың дәмін татты. Ветеринарлық препараттар, премикстер және құс мамығынан жасалған бұйымдардың көрмесі де өтті.
Ал, Қазақстанда құс шаруашылығын дамытуға қатысты ұйымдастырылған форумге 600-ге жуық адам жиналып, мамандардың пікірін білді, кеңес алды, тәжірибе жинады.
– Ел тарихында болмаған фестиваль бүгін Петропавлда өтіп жатыр. Неліктен қаз шаруашылығы деген заңды сұрақ туындайды? Бұл облыста ғана емес, жалпы Қазақстанның солтүстігінде – Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірлерінде ауыл халқының көші-қоны жоғары. Президенттің тапсырмасымен халықты жұмыспен қамту арқылы елді мекендерде ұстап қалу керек. Ол үшін не керек, әрине, жағдай жасалып, жоғары табысы болуы қажет, сол кезде ол ешқайда кетпейді. Сондықтан біз бизнестің қай түрі өзекті болатынын сараптап, қаз шаруашылығына тоқтадық. Қаз тез жетіледі, яғни нәтижеге жарты жылдан кейін қол жеткізуге болады. Жаз бойы өсіп-жетіледі. Күзде, қар түсісімен сойып, желтоқсанда саудаға шығарады. Қаз шаруашылығының тиімділігіне көзіміз жетті, — дейді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуған.
Былтыр Ақмола облысы Аққөл ауданында тәжірибе ретінде жоба қолға алынған. Қаз өсіруге 20 адам өтініш етсе, соның ішінен бесеуінің әрқайсысына 160-тан тегін қаз балапаны берілген.
Ал Петропавлдың орталық алаңында этно-фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен концерт өтті, спорттық ойындар ойнатылды. Соның ішінде ең қызығы алғаш рет ұйымдастырылған қаздардың жарысы болды. Фестивальге, соның ішінде қаз жарысын тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.