Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне — 25 жыл

Авторы: Qyzyljar News

«Гауһартас» республикалық ұлттық өнер фестивалі алғашқы рет 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі және мәдениет басқармасының қолдауымен өтті. Ұлттық өнерімізді ұлықтаған, халқымыздың бай музыкалық өнерін насихаттауға бағытталған фестивальге Атырау, Қызылорда, Қостанай, Ақмола облыстарынан келген 400-ден астам өнерпаз қатысып, өз өнерлерімен бөлісті.  Құрметті қонақ ретінде елімізге белгілі өнер қайраткері, ҚР халық әртісі, дирижер, педагог Алдаберген Мырзабеков қатысып, өзінің ақ батасын берген еді.

2017 жылы «Гауһартас» фестивалі  екінші рет өз жалғасын тауып, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарымен қатар, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттер оркестрі де қатысып, Қызылжарлық көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған ресрпубликалық “Гауһартас” өнер фестивалі  облысымызға белгілі Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 25-жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.

Оркестр ең алғаш 1999 жылы  облыстық филармония жанынан «Есіл» фольклорлық ансамблі болып құрылып. 2000 жылы құрамы толықтырылып, оркестр деген атқа ие болды. Алғашқы көркемдік жетекшісі және дирижері  ҚР «Мәдениет қайраткері» Марат Жақыпов. Оркестрдің негізгі домбырашылар тобын өңірімізге белгілі ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Тойкен Қабиқызы Күдерованың домбыра сыныбын аяқтаған жас мамандар толықтырды. Кейіннен  оркестр құрамы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын, Қазақ Ұлттық өнер академиясын бітіріп келген жас мамандармен толықты.

Оркестр құрылған уақыттан бастап өз өнерлерімен елміздің әр аймақтарында алыс-жақын шет мемлекеттерде өнер көрсетіп көрермендердің зор ықыласына бөленді.

2010 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі» халықаралық оркестрлер фестивалінде Лауреат атанды.

2013 жылы өңіріміздің зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса отырып, мәдениет басқармасының шешімімен оркестрге ақын, сазгер — Сегіз сері есімі берілді.

Елімізде өткен маңызды іс-шараларда атап айтсақ: «ЭКСПО 2017», қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлттық домбыра күні, Астана күніне арналған мерекелік бағдарламаларда абыройлы өнер көрсетті. Сонымен қатар, Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында өткен Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндеріне қатысып, көрермендерді ән мен күйге бөледі. Оркестр құрамындағы жекелеген әртістер Үндістан, Түркия, Солтүстік Кипр, Дубай, Германия, Қытай Халық Республикасы және Ресейдің Омбы, Түмен, Сургут қалаларында өткен мәдени іс-шараларға қатысты.

Оркестрдің қатысуымен елімізге таңымал өнерпаздар —  халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рахат Мадреев, Еркін Нұрымбетов,  Назымбек Молдахметов, Дәурен Ғылымов, Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Ерлан Бақтыгерей, жерлесіміз, «Құрмет» орденінің кавалері Жоламан Тұрсынбаевтардың жеке концерттері ұйымдастырылды.

2010 жылдан бастап оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін ҚР «Мәдениет қайраткері», өңірімізге танымал өнерпаз Қайырлы Ғафуров атқарып келеді. Қазіргі уақытта оркестр  Қызылжар өңіріндегі  өнердің көшін бастап тұрған кәсіби өнер ұжымы. Жыл сайын құрамы білікті, кәсіби мамандармен толықтырылып келеді.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz