Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының маңындағы канал өлген балыққа толып кеткен. Бұл туралы өңір тұрғындарының бірі әлеуметтік желіде жариялап, мәселеге назар аударды. Қырылған балықта есеп жоқ. Куәгердің айтуынша, балық өлексесі бүкіл канал бойы су бетінде жайылып жатыр.
Аққайың ауданы әкімдігі бұл оқиғаға қатысты түсінік берді. «Бұл канал автожолдың бойында орналасқан. Балықтың қырылуына суда оттегінің жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін. Қыста және ерте көктемде температураның өзгеруіне байланысты су нысандарында оттегі деңгейі айтарлықтай төмендейді. Бұл әсіресе су биоресурстары үшін қауіпті: оттегі жетіспегендіктен балық қырылады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін судағы оттегі құрамын анықтап, қыста, мысалы, аэрация жүргізу керек», — делінген әкімдіктің жауабында.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұл мәселені біледі. Оқиға орнына жауапты қызметтер келіп, жағдайды визуалды тексеруден өткізді. Тексеру қорытындысы бойынша зертханалық талдау жүргізу үшін су мен биоматериал сынамаларын алу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Алынған мәліметтер негізінде қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.