Біздің облыста ресейлік экоблогер есебінен 10 мың түп ағаш егілмек. Игі іске кез келген адам үлесін қоса алады. Ол үшін 26 немесе 27 сәуірде Петропавл қаласына жақын орналасқан Қарғалы аралына келуі керек. Мұнда еріктілер мен табиғат қорғаушылар өртенген орманды қалпына келтіру үшін 10 мың ағаш екпек.
Мұндай ауқымды экологиялық акция Қызылжар өңірінде алғаш рет өткізілгелі отыр. Бастамашылар – облыс орталығының тұрғындары. Ал шараның бас демеушісі ресейлік экокәсіпкер Алексей Сибирский. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, белсенді Динара Өмірзақова. «Алексейді ұзақ уақыт бақылап жүрдім. Оның Шығыс Қазақстандағы осындай жобаға қатысқанын көрдім. Сосын хат жаздым. Бізге келуге келісті. Ағаш егуді өткен жылы ұйымдастыру мүмкін болмады. Сосын осы жылға жоспарладық. Алексей көшет сатып алады. Ал топырақты дайындау жұмысымен орман шаруашылығы басқармасы айналысады», – дейді Динара Өмірзақова.
Алексей Сибирский – әйгілі экоблогер. Ол басынан өткерген апаттан кейін экологиялық кәсіппен айналысуды ұйғарған. Оны әлеуметтік желілерде миллиондаған адамдар бақылайды. Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, Алексей негізгі табысын жарнама сатудан және ағаш егу мен өзен тазалау қызметінен алады. 2022 жылы Ресейде ішінара жұмылдыру жарияланған соң ол әйелі мен екі баласын ертіп Оралға көшіп келген. Ол қонақжайлыққа алғыс ретінде Жайық өзенінің жағалауын ретке келтіруді жөн көріпті.“Қазір солтүстікқазақстандық еріктілер құжаттарды дайындап жатыр. Ұйымдастыруға жергілікті экологтар да атсалысып отыр. Олардың қатарында Тимур Зверяченко да бар. Бұл шараға қаламыздың әрбір тұрғыны отбасымен, балаларымен бірге қатыса алады. Егер акция сәтті өтсе, міндетті түрде қайталаймыз», – дейді Динара Өмірзақова.
Жұмаділлә НҰРИЛА.