Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту аясында облыстық полиция департаментінде ардагерлерге арналған экскурсия өтті. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің жиырмаға жуық белсенді мүшесі қатысты.
Қонақтар жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Олар бүгінде қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде заманауи технологиялардың кеңінен қолданылып жатқанын өз көздерімен көрді. Петропавл қаласының көшелеріне және халық көп жиналатын орындарға 420 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жыл басынан бері солардың көмегімен 68 қылмыс ашылып, 4,5 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Жалпы, түрлі ұйымдар орнатқан 10 мыңнан астам камераның бейнесі жедел басқару орталығының мониторларына шығарылған. Ардагерлер өз ауласын, немерелері білім алатын мектеп дәліздерін көруге ерекше қызығушылық танытты.
СҚО ПД музейі де экскурсияға қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Экспозициялардан соғыс жылдарында тәртіп сақшыларына табысталған марапаттардың 80 пайызға жуығын көруге болады. Бұл – соғыстан кейін ішкі істер органдарында қызмет атқарған 770-тен астам солтүстікқазақстандықтың Жеңіске қосқан ерен үлесінің айғағы. Музей меңгерушісі Любовь Осинская қонақтарға сол ерліктер жайында кеңінен айтып берді. Сонымен қатар, қатысушылар мұражай қорындағы ерекше бейнематериалдарды тамашалады. Олардың арасында халықаралық музейлер байқауында үшінші орын алған деректі фильм де бар.
Полиция және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықовтың айтуынша, мұндай экскурсиялар алдағы уақытта Петропавл мен облыс аудандарындағы бастауыш ардагер ұйымдарының мүшелері үшін де ұйымдастырылады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.